- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- БҚО-ның екі ауданында...
БҚО-ның екі ауданында төтенше жағдай жарияланды
Батыс Қазақстан облысының Жәнібек, Бөкей Ордасы аудандарында және Жаңақала, Казталов аудандарының бірнеше ауылында жергілікті маңыздағы төтенше жағдай жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.
Аудан тұрғындарына жем-шөпті тасымалдауға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді. Шаруа қожалықтарына аналық малға субсидия төленеді. Әйтпесе қуаңшылық пен қаптаған киіктің кесірінен мал азығын дайындау мүмкін болмай тұр. Саян Баетов - жас фермер. IT маманы алты жыл бұрын ауылшаруашылығымен айналысам деп туған жері Бөкей Ордасына оралыпты. Бірақ осы мезгілде мал өсірудің машақаты мол екеніне әбден көзі жетті. Жиі қайталанған қуаңшылық пен қалың киіктің кесірінен даланың оты қашқан. Салдарынан төрт түлік қысқа қоңсыз кіреді. Көтерем мал мыңдап қырылады.
"Былтыр сондай өлтірді. Биыл тағы сол қайталанып жатыр. Былтыр шөп қорымыз болды. Алдыңғы жылдан қалған. Биыл оны тауыстық. Жыл сайын 500-600 рулон шөп шауып жүрген жерлерден 100-150 рулоннан аса алмай тұрмыз", - дейді шаруа қожалығының жетекшісі Саян Баетов.
Биыл да Бөкей Ордасы, Жәнібек аудандарында қар кеткелі жөндеп жаңбыр жаумаған. Азғантай шөпті киік отап тауысқан. Шабындық түгілі жайылым жетіспейді. Бір бума шөп 10-15 мың теңге. Оның өзі 300-400 шақырым жерден тасымалданып жатыр.
"7- 400-500 шақырым жерде шөп бар дейді. Оны жеткізіп алуға кез келгенінің мүмкіндігі жоқ. Мал өсіріп отыр да, кейбірінің техникасы жоқ. Сосын жол қатынасы біздің жаққа асфальт салынып біткен жоқ. Қазір киіктің басы көбейгені сонша, ине шаншар жер жоқ деуге болады. Киіктің басын азайтса шектеулі шамада ұстап, шаруалар еңбектенеді. Ауа райы, табиғатқа біз өзіміз мүмкіндік бермей отырмыз", дейді аудан тұрғыны Нағым Тәжімұратов.
Шаруалардың жанайқайы жоғарыға жетті. Жәнібек, Бөкей Ордасы аудандарында және Жаңақала, Казталов аудандарының іргелес бірнеше ауылдарында төтенше жағдай жарияланды. Енді қожалықтарға мал азығына деп әр аналық сиырға 22 мың 500, саулықтарға 3300 және биелерге 8300 теңге көлемінде субсидия төленбек. Оған 3 млрд 260 млн теңге керек екен. Жеке тұрғындар да мемлекет қолдауынсыз қалмайды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина