Полиция қызметкерлері БҚО-ның төрт ауылынан 2829 адамды эвакуациялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының Ұзынкөл ауылында егістіктен Ұзынкөл су қоймасына еріген судың үлкен көлемінің түсуіне байланысты толып кету және су басу қаупі туындады. Осыған байланысты елдімекеннің барлық тұрғындарын, олардың мүлкі мен малдарын алдын ала эвакуациялау жүргізілді. Су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу және жергілікті халықты эвакуациялау үшін полиция департаментінің, ТЖД және ҚР Ұлттық ұланының күштері мен құралдары жұмылдырылды.
"Қазіргі уақытта полицейлер мен құтқарушылар Ұзынкөл, Жаңа өмір, Кемер және Юбилейное елді мекендерін эвакуациялады. Қауіпсіз аймаққа көшіру жұмыстарына 40 полиция қызметкері Ұлттық ұланның 30 әскери қызметкері және 6 қызметтік техника жұмылдырылған. Барлығы 2829 адам эвакуацияланды", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері Жаңа өмір кентінде жағалауда бөгет жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Аталған аймақтарға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Арман Өтеғұлов, Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар вице-министрі Ерлан Нұрпейісов және БҚО полиция департаментінің басшылығы келді. Полиция департаментінің базасында жедел штаб тәулік бойы жұмыс жасайды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!