ТЖМ ресми өкілі Руслан Иманқұлов Батыс Қазақстан облысындағы тікұшақ апатынан кейін неге алғашында барлығы аман қалғаны мәлімделгенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Иманқұловтың айтуынша, оқиға орнында байланыс нашар болған және интернет жоқ екен.
"Диспетчер тірі қалған қызметкерімізге қоңырау шала алмады, оқиға орнында байланыс өте нашар болды, интернет жоқ еді. Сондықтан диспетчерлер қоңырау шалған кезде аман қалған қызметкеріміз "тірі" не "тіріміз" деп, телефон байланысы үзіліп қалған", - деп түсіндірді ол брифинг барысында.
Оның сөзінше, барлық дерек нақтыланған кезде қызметкерлер қаза тапқаны расталған.
"Қызметкерлеріміз игі іспен айналысты, адамдарды құтқаруға және денелерді шығарып алуға қатысты. Дәл сол кезде қызметкерлеріміз осындай оқиға болуы мүмкін екеніне дайын емес еді", - деді ол.
Еске салайық, 23 ақпанда сағат 15:50-де Батыс Қазақстан облысы Чапурино елді мекенінен 6 шақырым жерде Ми-8 АМТ тікұшағы қатты екпінмен қонған. Салдарынан 4 адам қаза тапты. Ол "ҚазТрансОйл" АҚ тапсырысы бойынша құбырды тексеру үшін ұшқан.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!