БҚО-дағы су тасқыны: өңірде төтенше жағдаймен күрес қалай жүргізіліп жатыр?

БҚО-дағы су тасқыны: өңірде төтенше жағдаймен күрес қалай жүргізіліп жатыр?
Фото: БҚО ПД баспасөз қызметі

БҚО-да полиция қызметкерлері көктемгі су тасқынынан зардап шеккен аудан тұрғындарына көмек көрсетіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі БҚО ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Орал қаласында және облыстың 4 ауданында көктемгі су тасқынына байланысты жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. 

Қар еруінен және бірнеше күн жауған жауын-шашын салдарынан елді мекендерде су тасқыны болды. Осыған орай ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Батыс Қазақстан облысына іс-сапармен келді. Роман Скляр БҚО әкімі Нариман Төреғалиевпен бірге су тасқыны болған аумақтарды тікұшақпен аралап, жағдайды өз көзімен көрді. 

Қазір облыстың Теректі, Сырым, Қаратөбе, Бөрлі аудандарында, сондай-ақ, Орал қаласында тасқынға байланысты табиғи сипатта төтенше жағдай жарияланған. Су басқан аумақ көп мөлшердегі жауын-шашын салдарынан ұлғая түскен. 

Қазір тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. 1065 адам эвакуацияланды.

Аудандарда полиция қызметкерлері эвакуацияланған елде-мекендердегі азаматтардың мүлкін қорғау үшін тәуліктік кезекшіліктер ұйымдастырып, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жатыр. Сондай-ақ, Қаратөбе және Шыңғырлау аудандарының полиция қызметкерлері қайырымдылық көмек көрсетіп, су тасқынан зардап көрген отбасыларды азық-түлікпен, қажет керек-жарақтарымен қамтамасыз етіп жатыр.

Жергілікті әкімдіктер, полиция және төтенше жағдайлар департаменттері су басқан нысандарды сору және халықты құтқару бойынша жан-жақты шара қолданып жатыр.  

"Қазір облыста 17 елді мекенге баратын жолды су басқан, оның ішінде 3 облыстық және 16 жергілікті маңызы бар тасжолды басқан. БҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері стационарлық бекеттер орнатты. Су тасқынынан қорғау жұмыстарына 88 полиция қызметкері мен 40 қызметтік техника жұмылдырылды", - деп жазылған өңірдің ПД хабарламасында.

Сондай-ақ, Маңғыстау облысының және ТЖД әскери бөлімдерінің күштері тартылды. Қосымша ҰҚК шекара қызметінің "МИ-8" екі тікұшағы жұмылдырылды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова