- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- БҚО-дағы өрт: ауыл...
БҚО-дағы өрт: ауыл тұрғындары эвакуацияланып жатыр, құтқарушылар тікұшақ сұратты
Батыс Қазақстандағы өрт салдарынан тұрғындар эвакуацияланып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Мой ГОРОД" сайтына сілтеме жасап.
Облыс тұрғындары аймақта құрғақ шөп өртеніп жатқанын хабарлаған. Айтиев тұрғындарының сөзінше, ауылдың маңында шөп жанып жатыр. Артынша қызыл жалын үйлерге жақындай түсіп, тіпті бірнеше қосалқы ғимарат өртеніп кеткен.
"Расында қорқынышты, жел қатты. Жанып жатқан иіс пен ыс сезілмейді, себебі оны жел айдап әкетіп жатыр. Ауыл шетіндегі қоршаулар мен қосымша ғимараттар өртеніп жатқанын көрдік. Өрт сөндіру көліктері келді, өзіміз де шелектеп су таси бастадық", - дейді ауыл тұрғыны.
Бүгін 10 шілдеде БҚО ТЖД өкілдері журналистерді жинап, брифинг өткізген. Ведомство басшысының орынбасары Рашид Блялов Айтиев ауылындағы өрт туралы хабар түске таман жеткенін айтады. Ол жерде құрғақ шөп пен екі қосымша ғимарат өртеніп жатыр екен. Адамдар біртіндеп эвакуацияланып, қауіпсіз жерге орналастырылып жатыр. Алайда нақты қанша адам эвакуацияланғаны мен өрт аймағы әлі белгісіз.
Департамент ТЖМ-нен өртті сөндіруге МИ-8 тікұшағын беруді сұраған, әзірге жауап күтіп отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина