Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Батыс Қазақстан облысында екі ересек адам мен бір бала қаза тапқан жантүршігерлік жол апаты бойынша істі қарап, үкім шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Мой город" басылымына сілтеме жасап.
Жол апаты 2024 жылы 24 маусымда Самара - Шымкент тасжолында Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданындағы Аңқаты ауылының маңында болған.
Әлібек пен Құралай Меңдіғалиевтер мен олардың 9 жастағы немересі Темірлан отырған Toyota Prado жол талғамайтын көлігінің Volvo жүк көлігімен соқтығысып, салдарынан өрт шықты. Жол талғамайтын көліктегі барлық жолаушы қаза тауып, мәйіттері қатты күйіп кеткендіктен, өлім себебін анықтау қиынға соқты.
Жүк көлігінің жүргізушісі 53 жастағы Жамбыл облысының тұрғыны Двумар Люшанло екені айтылған. Сондай-ақ айыпталушылар қатарында жол апаты кезінде қаза тапқан Әлібек Меңдіғалиев те бар.
"Соттың үкімімен Двумар Люшанло ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы "Жол ережесін бұзу" бойынша ақталды. Ол сот залында қамаудан босатылды. Сонымен қатар ақталғаны үшін оңалту құқығы танылды. Басқаша айтқанда, Люшанло қылмыстық қудалау органдарынан зиянды өтеуді талап етуге құқылы. Жәбірленушілердің 15 миллион теңге көлемінде моральдық зиянды өндіріп алу туралы талабын сот қанағаттандырмады", - делінген ақпаратта.
Сот Әлібек Меңдіғалиевті жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін кінәлі деп танып, өліміне байланысты жазадан босатты.
"Меңдіғалиев өліміне байланысты жауапкершіліктен босатылсын", - деді судья Асылбек Иманғалиев.
Әлібек Меңдіғалиевтің туыстары сот үкіміне наразы және апелляциялық шағым түсірмекші.
Айта кетейік, үкім заңды күшіне енген жоқ және оған шағым түсіруге болады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!