Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті ғимараттар мен қоғамдық орындарға заңсыз жазулар мен граффити салу фактілерін анықтау және алдын алу бағытында рейдтік іс-шаралар жүргізуде, деп хабарлайды БҚО әкімдігі.
Жыл басынан бері облыста осындай 172 дерек анықталды. Оның 140-ын учаскелік полиция инспекторлары, 3-еуін есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің қызметкерлері анықтаса, 29 дерек бейнебақылау камералары арқылы белгілі болған.

Заңсыз жазулар тұрғын үйлердің, гараждардың, аялдамалардың, дүкендердің, стадиондардың, трансформаторлар мен басқа да қоғамдық нысандардың қабырғаларынан анықталған.
“Мұндай әрекеттер елді мекендердің көркін бұзып қана қоймай, ортақ мүлікке де зиян келтіреді. Осыған байланысты қалалық және ауылдық әкімдіктерге анықталған орындарды тазарту бойынша ұсыным хаттар жолданды. Жұмыстарға жергілікті тұрғындар мен еріктілер де тартылды”,- деді БҚО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Ернар Сұлтанғалиев.

Қала орталығында тазалық жұмыстары кезінде көшеде жүрген студенттер де өз еріктерімен бастамаға қосылып, полиция қызметкерлері мен волонтерлерге қолдау көрсетті. Ауылдық жерлерде де тұрғындар полициямен бірлесіп, заңсыз жазуларды жоюға атсалысуда.
Қазіргі уақытта облыс бойынша 100-ге жуық жерде заңсыз жазулар мен граффити тазартылды.
Айта кетейік, қоғамдық орындар мен ғимараттарға рұқсатсыз жазу жазу немесе граффити салу заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.

Мәселен, қыркүйек айында Ақсай қаласында бейнебақылау камералары арқылы ғимарат қоршауына граффити салу дерегі анықталды. Полиция қызметкерлері 19 жастағы тұрғынды жедел анықтады. Сот шешімімен ол бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Сонымен қатар бүлінген орынды өзі тазалады.
Полиция департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, заңсыз граффитиді анықтау, жою және осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жалғастырады. Тазалықты сақтау мен ортақ мүлікке ұқыпты қарау – баршаға ортақ міндет.
БҚО әкімдігі ұсынған материал
О. Сансызбай