Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында белгісіз ұшқышсыз ұшу аппаратының жарылысы тіркелді. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, оның қалдықтары елді мекендерден алыс жерде табылған.
"Зардап шеккендер мен материалдық шығын тіркелген жоқ. Уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, оқиғаның мән-жайын және нысанның шығу тегін анықтауға бағытталған тексеріс жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі әуе кеңістігін бақылауды күшейту және әуе нысандарының мемлекеттік шекараны рұқсатсыз кесіп өтуін болдырмау мақсатында қосымша шаралар қабылдады", - деді министрлік өкілі.
Ведомство өкілі бұл аппараттар тиесілі болуы мүмкін шетелдік серіктестермен консультациялар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова