- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- БҚО-да ұлттық салт-дәстүр,...
БҚО-да ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып ұлықталды
Жақында Батыс Қазақстан облысындағы Бөрлі ауданының Бөрлі ауылында аудандық "Дәстүр – trend" фестивалі өтті. Ұлттық салт-дәстүр мен қазақ мәдениетіне қызығушылықты оятып, халқымыздың бай рухани қазынасын заманауи өркениетпен ұштастыруды мақсат еткен шара екі кезеңнен тұрды. Ұлттық дәстүр ұлықталған іс-шарада "Атамекен", "Алтын", "Жеті қазына", "Қарашығанақ", "Шаңырақ" атты ақ шаңқан киіз үйлер тігілді. Аталмыш бес ауыл, бес топ ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрып үлгілерін жиналған жұртшылықтың назарына ұсынды.
Ұлттық нақышта өрнектелген әрбір шаңырақта жас келіндер келген қонақтарға сәлем салып қарсы алып, әжелер жас келіндеріне бесік жырын үйретті. Қара өлең айтудан жарысқа түскен әжелердің әсем дауысы құлақ құрышын қандырды. Жас келіндер нан илеп, құрт жасап, дастарқанға бауырсақ, тары, талқан, жент сияқты ұлттық тағамдар қойылған.
Ақ сақалды аталар жамағатқа ақ батасын беріп, әр шаңырақ ауыл адамдарына бас табақ, құда табақ, күйеу табақ, т.б табақтар тартып, мәре-сәре болды. Асық ойнап, ләңгі тепкен жас балалар да мәз-мейрам. Ұлттық киім киген қыз-жігіттер фестивальдің көркін қыздырды. Шашбауы сыңғырлаған қыздар мен тақиялы ұлдар айшықты шараның ажарын аша түскендей.
Жастар садақ атудан жарысқа түсіп, ерлер арасында Мейрам Хайров пен әйелдер арасында Назгүл Кунакаева сұр мергендіктерімен көзге түсті. Ұлттық спорттан ат үстіндегі аударыспақ тартысқа толы болды. Эльдар Михатов, Орынбасар Махамбетов, Арданат Собировтер қарсыластарын ат үстінен аударып тастап, ешкімге дес бермеді. Ұлдар мен қыздар арасында қатар өткен өгіз тартыс та қызықты өтті.
Аудан әкімнің орынбасары Дулат Имашев ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған фестиваль жеңімпаздарын алғысхаттармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ұсынған материал
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина