Батыс Қазақстан облысында өрт сөндіру кезінде Төтенше жағдайлар департаменті қызметкері Миршат Халиуллин қаза тапты. Туыстарының айтуынша, ер адам әріптесі тізгіндеген қызметтік көліктің астына түсіп, жарақат алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Марқұмның жақындары БАҚ өкілдеріне құтқарушы өрт сөндіру кезінде мерт болғанын мәлімдеді. Ол жазатайым оқиға салдарынан жарақат алған. Қызметтік көлікті тізгіндеген әріптесі оны түтін ішінен байқамай қалып, қағып кеткені айтылды. Ер адам ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмған. Артында әкесі, інісі мен қарындасы қалған.
ТЖД мәліметінше, қайғылы оқиға 3 қыркүйекте болған.
"Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында орналасқан "Татран" қыстағы маңында құрғақ шөп өртенді. Өртті сөндіру кезінде қызметтік міндетін атқару барысында Төтенше жағдайлар департаменті қызметкері жарақат алды. Зардап шеккен адам Жәнібек аудандық ауруханасына жеткізілді, алайда көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, алған жарақаттарынан қайтыс болды", - деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Бұл оқиғаға қатысты тексеріс жүргізіліп жатыр. ТЖД өкілдері қаза тапқан қызметкердің отбасына көмек көрсетілгенін мәлімдеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!