Прокуратура субсидияларды теріс пайдалану дерегін анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі бас прокуратураға сілтеме жасап.
Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданының прокуратурасы субсидия беру кезінде заңдылықтың сақталуын талдау нәтижелері бойынша 20 миллионнан астам теңге көлемінде бюджет қаражатын теріс пайдалану деректерін анықтады.
Мәселен, 2021 жылғы желтоқсанда шаруа қожалығы 442 асыл тұқымды қой сатып алуға өтініш беріп, жалпы сомасы 6 630 000 теңге көлемінде субсидия алған.
Талдау барысында бір жылдың ішінде ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқордан көрсетілген мал есептен шығарылғаны анықталды.
Ал 2019 жылы наурызда Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітілген асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы ережеге сәйкес мал басының жыл бойы сақталуы (мал шығынының зоотехникалық нормасын қоспағанда) қамтамасыз етілуі міндеттелген.
Осының салдарынан мемлекетке 6 630 000 теңге көлеміндегі материалдық шығын келтірілді.
Заңды бұзу деректері бойынша құзыретті органға тиісті қадағалау актісі енгізілді.
Қазір прокуратураның ұсынуы бойынша мемлекетке 14,7 миллион теңге қайтарылды, қалған соманы өндіру атқарушылық іс жүргізу тәртібінде жүргізіліп жатыр.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!