- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Су тасқыны
БҚО-да су тасқынынан зардап шеккендер тұрғын үймен толық қамтылды
Биылғы көктемдегі су тасқынына байланысты облыста өте күрделі жағдай қалыптасқаны баршаға мәлім. Су тасқыны салдарынан 2 мыңға жуық тұрғын үй және 15 мыңдай саяжай учаскелері су астында қалды.
Дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында 9994 отбасыға 3,6 млрд теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек төленді. Бұдан бөлек, 10 мыңнан астам отбасыға келтірілген шығындарға 3,7 млрд теңгеге материалдық көмек берілді.
Тұрғындардың баспанасын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін 4,3 млрд теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы саны 1939 пәтер сатып алынып, 889 жаңа тұрғын үйлер салынды.
Қайырымдылық қорларының есебінен 69 жанұяға жаңа баспана берілді.
Сонымен бірге Батыс Қазақстан облысында коммуналдық объектілерді жаңарту қарқынды жүзеге асуда.
Мемлекет басшысы өз жолдауында тұрғын үй шаруашылығы секторын тұрақты дамытудың маңыздылығын айтқан болатын. Осы орайда өңірде коммуналдық шаруашылықты дамыту бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінгі күні тұрғындардың қолайлы өмір сүруі үшін маңызды коммуналдық объектілердің құрылысы мен жөндеу жұмыстары аяқталды. Атап айтқанда, 60–70-ші жылдардан бері жөндеу көрмеген жаңа электр қосалқы станциялары пайдалануға беріліп, №3 кәріз-сорғы станциясы және №5 жылу магистралі жаңартылды.
Жаңа электр қосалқы станциясы Орал қаласының, жаңадан салынып жатқан шағынаудандарды және оған жақын орналасқан объектілерді, жалпы алғанда 120 мың тұрғынды электр қуатымен қамтамасыз етеді. Ал №5 жылу магистралі 70 мың, №3 кәріз-сорғы станциясы 150 мыңға жуық пайдаланушыға қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар Орал қаласы бойынша №2, №21, №18А кәріз-сорғы станцияларына, №2 жылу магистралі, №1 турбоагрегатқа қайта жаңарту жұмыстары және қаланың солтүстік-шығыс бетінде жаңа электр қосалқы станциясының құрылысы жүргізілуде.
Аталған нысандардың ішінен №2, №21 кәріз-сорғы станцияларын, №1 турбоагрегатты қайта жаңғырту және жаңа қосалқы электр станциясының құрылысы биыл аяқталатын болады. Сонымен қатар келесі жылы №29 кәріз-сорғы және №20-шы су көтергіш станцияларының құрылысы басталмақ.
Жалпы алғанда облыс орталығының негізгі және маңызды су әкету және су көтеру нысандарының барлығына жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, аяқталатын болады.
Осы жылы аталған объектілерді реконструкциялауға республикалық және жергілікті бюджеттерден 21,4 млрд теңге қарастырылды.
Материалды Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ұсынды
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан