БҚО-да шенеунік өзіне сыйақы тағайындаймын деп жұмысынан айырылды

Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы прокуратурасы бюджет заңнамасы сақталуын талдау барысында Жәнібек аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғанын анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол өзіне заңсыз түрде 766 510 теңге көлемінде сыйақы тағайындаған. Бұл дерек бойынша аудан прокуратурасы 2025 жылы 17 наурызда Батыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің тәртіптік кеңесіне қадағалау актісін енгізген.

"Нәтижесінде Жәнібек ауданы әкімінің өкімімен Жәнібек аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін мемлекеттік лауазымынан босатылды", - деп жазылған хабарламада.

Мемлекетке келтірілген залал толық көлемде өтелді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз