- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- БҚО-да сайлау күні...
БҚО-да сайлау күні туған күн иесіне тосын сый жасалды
БҚО-да сайлау күні туған күн иесіне тосын сый жасалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сымбат Кеңесова үшін бүгін ерекше күн. Себебі ол бүгін, 19 наурызда 18 жасқа толып, алғаш рет сайлауға қатысты. Бойжеткен Орал қаласындағы М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың 1 курс студенті. Мәдениет және өнер факультетінде білім алып жатыр. Ол өмірінің қуанышты күні ел болашағы үшін таңдау жасап, дауыс беруге келгенін және қобалжып, толқып тұрғанын да жасырмады.
"Мен үшін маңызды күнде бүгінгі саяси науқанға қатысып, қазақ елінің тарихындағы жаңа кезеңнің басталуына өз үлесімді қостым. Бұл сезім - өскелең ұрпақ алдындағы абыройыңызды асқақтатып, рухыңызды оятары сөзсіз. Барлығымыз болашағы жарқын, бейбіт елде өмір сүргіміз келеді. Мұның бәрі ең алдымен әр адамның азаматтық жауапкершілігі және онымен байланысты міндеттерді орындаумен келеді, соның ішінде дауыс беру міндеті де бар. Мен секілді бүгін мыңдаған еліміздің жастары өз алғашқы сайлауларына қатысып, таңдауын жасауда. Бұл баршамыздың болашаққа деген таңдауымыз!", - дейді Сымбат Кеңесова.
Туған күнінде тосын сый жасап келген бойжеткеннің құрбылары ыстық лебіздерін білдіріп, ерекше құттықтау ұйымдастырды.
"Бүгін біз ең жақын құрбымызды туған күнімен дәл осы дауыс беру учаскесіне келіп құттықтауды жөн көрдік. Себебі, бұл - кәмелет жасқа толғаннан кейінгі әрбір қазақстандыққа берілген құқық, азаматтық борыш. Құрбымыздың осы бір саяси науқанда қалыс қалмай, алғашқылардың бірі болып дауыс беруге келгені бізге, еліміздің жастарына үлгі болып қалмақ. Бүгінгі ерекше күнде құрбымызға денінің саулығын, отбасы амандығын, болашағының әрқашан жарқын болуын тілейміз!", - дейді қос құрбы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина