Батыс Қазақстан облысы Аралтөбе ауылында тұрғындар нағыз батыр деп атайтын тоғыз жастағы бала тұрады. Осы қыста Бейбарыс Тілекберген өртке оранған үйден екі інісін аман алып шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Жетінші арнаға" сілтеме жасап.
Төтенше жағдай ақпанда болған. Баланың ата-анасы жұмыста болып, Бейбарыс үйде кіші інілеріне бас-көз болып қалған. Бір сәтте қысқа тұйықталу салдарынан электр сымдары тұтанып, үйдің іші тез арада қою түтінге толған.
Мектеп оқушысы абдырап қалмай, бірден бауырларын құтқаруға ұмтылған.
"Өзім де қорықтым. Екі жасар інімді жетектеп, сегіз айлық інімді қолыма көтеріп алып шықтым. Бұл кезде үй өртеніп жатқан еді", - деді Бейбарыс Тілекберген.
Көмек келгенше, бала інілерін лаулап жатқан үйден сыртқа шығарып үлгерген. Өрттен кейін көпбалалы отбасы баспанасыз қалған. Қазір ауыл тұрғындары зардап шеккендерге көмектесіп жатыр. Отбасы үшін арнайы қор құрылып, бей-жай қарамайтын жандар оған ақша аударып жатыр.
Бейбарыс - отбасындағы екінші бала. Қазір ол ата-анасымен және бауырларымен бірге уақытша коммуналдық пәтерде тұрып жатыр.
"Мұндай қадамға кез келген адам бара алмайды. Өмірде неше түрлі жағдай болады, Құдай ешкімнің басына бермесін. Ең бастысы, аман қалдық. Үй мен мүлік өртеніп кетті, бірақ өзіміз аманбыз", - деді баланың әкесі Фазыл Қайыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!