- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- БҚО-да мүмкіндігі шектеулі...
БҚО-да мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған шығармашылық фестиваль өтті
Кеше Орал қаласындағы "Атамекен" өнер ордасында қайырымдылық айы шеңберінде "Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамы" қоғамдық бірлестігінің 35 жылдығына арналған XXV облыстық шығармашылық фестивалі өтті.
Салтанатты шараға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов жиылғандарды республика күнімен құттықтады.
"Қайырымдылық айы аясында қарияларымыз бен әлеуметтік осал топтағы жандарды қолдауға жоспарланған іс-шараларымыздың бірегейі - бүгінгі фестиваль. БҚО мүгедектері ерікті қоғамының бастамасымен ұйымдастырылған бұл фестивальдің қоғам алдында маңызы зор", - деп сөзін сабақтаған облыс әкімінің орынбасары шығармашылық фестивальге қатысушыларды арнайы аталымдармен марапаттады.
БҚО мүгедектері ерікті қоғамының төрағасы Жұмажан Қожжанов фестивальге облысымыздың 12 ауданынан және Орал қаласынан қатысқан 50-ден аса өнерпаз "Үздік көрме", "Үздік ән" және "Үздік музыкалық аспапта орындау" номинацияларына ие болғанын атап өтті.
"90-жылдардың соңында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып бастау алған шығармашылық фестиваліміз 25-ші рет ұйымдастырылуда. Өздеріңіз білетіндей, қазан айындағы қариялар күні мен мүгедектігі бар жандарға арналған күннің мақсат-маңызы - жанымызда жүрген мүгедектігі бар жандарға шығармашылық әлеуетін дамытуға қолдау көрсету, оларды қоғаммен етене араластыру", - деді облыстық мүгедектер ерікті қоғамының төрағасы.
Қамкөңіл жандарға жігер беруді мақсат еткен салтанаты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ұсынған материал
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина