- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- БҚО-да мектеп директоры...
БҚО-да мектеп директоры аттестатты электрон түрде беру үшін ата-аналардан 1000 теңгеден жинаған
Батыс Қазақстан облысында мектеп директоры егер ата-аналар электронды түрде толтырылған аттестат алғысы келген жағдайда олардан 1000 теңге ақша жинау туралы нұсқау берген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, БҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке директордың баспа құрылғыларының көмегімен мектепті бітіргені туралы аттестаттарды толтыру үшін ата-анасынан ақша жинау фактісі бойынша білім беру ұйымы түлектерінің ата-аналары жүгінген.
Осы ақпараттың дұрыстығын тексеру үшін ағымдағы жылдың 20 маусымында ANTIKOR Ortalygy сервистік орталығында құзыретті органдар өкілдері кездесу өткізген.
Оның қорытындысы бойынша білім беру ұйымы - тапсырыс беруші мен ЖШС атынан өнім беруші арасында ағымдағы жылдың 19 мамырында мектепті бітіргені туралы аттестаттарды толтыру бойынша қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалғаны анықталған.
Мемлекеттік сатып алуды өткізу барысында тапсырыс беруші техникалық ерекшелікте "Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарды толтыруға қойылатын талаптарды бекіту туралы" ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2007 жылғы 21 қарашадағы № 565 бұйрығының талаптарын сақтамаған, яғни баспа құрылғыларының көмегімен аттестаттарды толтыру көрсетілмеген.
Осыған байланысты, мектеп директоры егер ата-аналар электронды түрде толтырылған аттестат алғысы келген жағдайда, ата-аналардан 1000 теңге ақша жинау туралы нұсқау берген.
БҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуынан кейін, түлектердің ата-аналарынан жиналған ақшалай қаражат қайтарылды, ал кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина