- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- БҚО-да мал ұрлығымен...
БҚО-да мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Подстепное ауылының маңында ұрлықпен айналысқан төрт ер адам ұсталды, - деп хабарлайды "Мой ГОРОД".
"1980, 1985, 1985 және 1988 жылғы күдіктілер биылғы шілдеден бастап бірқатар ауыр қылмыс жасағаны үшін криминалдық полиция басқармасының нысанасына іліккен еді. Сол күні олар Теректі ауданы Бекей ауылы тұсында еркін жайылымнан бір жылқыны ұрлап әкеткен. Жауап алу барысында қолға түскендердің бірі 2021-2022 жылдары Ақжайық, Казталов және Теректі аудандары аумағында мал ұрлығының 10 эпизодына, сондай-ақ 2021 жылдың 18 наурызында компания кеңсесіне жасалған қарақшылық шабуылға қатысқанын мойындады", - деді БҚО полиция департаментінің ресми өкілі, полиция полковнигі Болатбек Нұрғожин.
Күдіктілер Қылмыстық іс жүргізу кодекстің 128-бабы тәртібімен Теректі ауданы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қылмыстық кодекстің 188-1-бабына сәйкес дәлелдемелік базаны жинау, олармен қылмыстық байланысы бар адамдар тобын анықтау, сондай-ақ күдіктілердің БҚО аумағында жасалған мал ұрлығының ашылмаған деректеріне қатысы бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Г. Досымшалова