ҚМА Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті білім беру саласында бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша соталды тергеп-тексеру жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Батыс Қазақстан индустриалдық колледжі" мемлекеттік коммуналдық қазынашылық кәсіпорнының директоры оқу процесіне қатыспаған 54 адамды білім алушы ретінде тіркеген. Соған қарамастан олар белсенді студенттер ретінде көрсетіліп, жалған баға қойылған, сабаққа қатысу табельдері мен үлгерім бойынша құжаттары рәсімделген. Сондай-ақ, стипендия берілген (кейбір жағдайларда көтеріңкі мөлшерде).
"Жалған студенттердің атына банк шоттары ашылып, сол шоттарға стипендия аударылған. Банк карталары директорға немесе оның нұсқауымен өзге тұлғаларға қолма-қол ақша алу және қаражатты әрі қарай пайдалану үшін тапсырылып отырған", - деп жазылған хабарламада.
ҚМА мәліметінше, колледж директоры 49 млн теңгеден аса бюджет қаражатын иемденген.
Оған бұлтартпау түріндегі үйқамақ шарасы қолданылды. Сот санкциясымен оның пәтеріне тыйым салынды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова