БҚО-да кәсіпкерлер құқығын бұзған 24 лауазымды тұлға жауапқа тартылды

БҚО-да кәсіпкерлер құқығын бұзған 24 лауазымды тұлға жауапқа тартылды
Фото: depositphotos.com

Батыс Қазақстан облысында құрылыс материалдарын шығаратын зауыт карьерін қалалық әкімдік саяжай салуға сатып жіберген. Ал Теректі ауданында ауыз су өндіретін кәсіпорын жарты жыл бойы әкімдіктен қосымша жер сұрап, ала алмай келген. Осындай мысалдар жетерлік. Облыстық прокуратураның араласуынан кейін ғана кәсіпкерлердің құқығы қорғалып, бұл бассыздықтарға тоқтау салынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24kz телеарнасына сілтеме жасап.

Қадағалау актісіне сәйкес 24 лауазым иесі жауапқа тартылған.

Индустрияландыру картасы аясында бетон бұйымдар өндіретін зауыт салған кәсіпкер Болат Шәкімов қажетті құмды осы карьерден ала бастайды. Алайда 2020 жылы жердің жаңа иелері пайда болады. Қалалық әкімдік дәл осы орыннан 66 жер телімін саяжай құрылысына деп тағы да біреулерге беріп жібергені анықталады.

"Біз білген жоқпыз. 2020 жылы олар қожайындары 7-8 кісі бізді сотқа берді. Фирманы сот арқылы жұмысты тоқтатып тастады. Олар маған: "Мына жерде біздің жер бар, әрбір жерді 1,5-2 млн-ға сатып ал" деді", - дейді кәсіпкер Болат Шәкімов.

Қалалық сот кәсіпкерді жердің жаңа қожайындарына жығып береді. Рекреациялық аймақта үй салудың заңға қайшы екені де ескерілмейді. Жоғары инстанциялар да бастапқы шешімді қолдайды. "Енді несиемді қалай жабам, өндірісті қалай өркендетем" деп тығырыққа тірелген кәсіпкер биыл облыстық прокуратура жанында кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын фронт-офис ашылғанын естіп, соларға шағымданады.

"Біз сол параметрлеріне кіріп, облыстық прокуратура көмек етті. Өздері протест беріп, қала, облыс сот шешімдерін бұзды. Соның арқасында мүмкіншілік алдық, қайта жұмыс бастауға. Қайта жұмысшыларды шақырып", - дейді кәсіпкер Болат Шәкімов. 

Жыл басталғалы облыста прокурорлық ден қою актілері бойынша 2700-дей кәсіпкердің құқығы қорғалыпты. Маңызды инвестициялық жобаларды қолға алған 12 кәсіпкердің проблемасы оң шешілген. Баршаға ортақ жүйелі мәселелер де көтерілген.

"Бас прокуратураның қолдауымен биылғы жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы өзгертілді. Енді санитарлық ережеге сәйкес тарихи дамуға байланысты қолданыстағы өнеркәсіп нысандары үшін санитарлық қорғау аймағының көлемін азайтуға рұқсат етілсе, ескі нұсқада бұған тыйым салынған. Бұл түзетулер көптеген өнеркәсіп нысандарының қызметін еркін жалғастыруға мүмкіндік берді", - дейді БҚО прокурорының бірінші орынбасары Дәурен Омарғалиев.

Прокуратураның қадағалау актілері бойынша биыл кәсіпкерлердің құқығын бұзған 24 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты. Оның ішінде Энергетика министрлігінің департамент басшысы да бар екен.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина