Батыс Қазақстан облысында полиция супермаркеттен 6 миллион теңге ұрлаған қарақшыны ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бөрлі аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 25 жастағы күдіктіні құрықтады.
Ол Ақсай қаласындағы супермаркеттердің біріне қарақшылық шабуыл жасап, ақша ұрлаған. Күдікті сауда орнының әкімшісін аңдып, аулаға шыққан кезде ұрып-соғып, кілтін тартып алып, дабыл сигнализациясын өшіріп, супермаркетке кірген. Ол жерден 6 миллион теңгеге жуық апталық табысты жымқырып кеткен.
Тонау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!