- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- БҚО-да қандай құрылыс...
БҚО-да қандай құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі болды
Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өңірде қандай құрылыс салынып жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тұрғын үйлер құрылысы және пәтерлер сатып алу
Әкімнің айтуынша, БҚО-да 2023 жылы "Қуатты өңірлер - елді дамуының драйвері" ұлттық жобасы шеңберінде тұрғын үйлер құрылысына және пәтерлер сатып алуға қанша теңге бөлінгенін айтты.
"Президент өз жолдауында тұрғын үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алу керегін айтқан болатын. Бұл - өңірдегі өзекті мәселелердің бірі. Қазір облыс бойынша үй алу кезегіне 32 мың азамат тіркелген. 2023 жылы "Қуатты өңірлер - елді дамуының драйвері" ұлттық жобасы шеңберінде тұрғын үйлер құрылысына және пәтерлер сатып алуға 11,3 миллиард теңге бөлініп, облыста 15 көппәтерлі тұрғын үй және ауылдық елді мекендерде 42 тұрғын үй, барлығы 2377 пәтер құрылысы қарастырылған", - деді БҚО әкімі Нариман Төреғалиев.
Әкімнің айтуынша, жыл қорытындысы бойынша 30 тұрғын үйді, яғни 893 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып жатыр. Соның 7 көппәтерлі тұрғын үйі Орал және Ақсай қалаларында болса, ауылдық елді мекендерде 23 тұрғын үйді қолданысқа енгізуді жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына коммуналдық тұрғын үй қорының тұрғын жайын сатып алуға 1,7 миллиард теңге қарастырылып, Орал бойынша 178 пәтер сатып алу көзделген. Нәтижесінде, үй кезегінде тұрған азаматтарға 1071 пәтер пайдалануға берілетін болады.
"Жыл аяғына дейін 18 мектепті пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз"
Бұдан басқа, БҚО-да Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыс аумағында 9 спорт кешендері пайдалануға беріліп, 4 кешеннің құрылысы салынып жатыр.
"Қазір облыста 12 апатты, 9 үш ауысымды мектеп бар. Жылдар бойы қордаланған мәселені шешу мақсатында 2023 жылы 27 мектептің құрылысы басталады, оның ішінде 9 мектеп "Жайлы мектеп" ұлттық пилоттық жобасы аясында салынатын болады. Жыл аяғына дейін 18 мектепті пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз", - деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Әкімнің айтуынша, Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен оқушыларды тасымалдау үшін 54 автобус сатып алынған. Өңірде 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету - 100 пайыз. Бүгінде 1-ден 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту 84,3 пайызға жетіп отыр. Осы көрсеткішті 2025 жылға дейін 100 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Оқушылардың жетістіктеріне тоқталар болсақ, 25 оқушы республикалық олимпиадаларда жүлделі орын алса, 9 мектеп еліміздің "100 үздік мектептері" қатарына енді. Әлемнің 57 мемлекеті қатысқан зерттеу нәтижелері бойынша облысымыздың бастауыш сынып оқушылары PIRLS-2021 халықаралық рейтингісінде республика көлемінде бірінші орынға ие болды.
"Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс аумағында 9 спорт кешендері пайдалануға беріліп, 4 кешеннің құрылысы салынып жатыр. 1 кешеннің құрылысын 2024 жылы бастау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, биыл М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенттеріне арналған 500 орындық жатақхана құрылысы аяқталады", - деді облыс басшысы.
Өңір әкімінің айтуынша, өңірде әртүрлі саладағы маман тапшылығын шешу мақсатында былтыр облыс бюджет есебінен 113 грант бөлініп, түлектердің жоғары білім алуына сертификаттар табысталған.
Жол жөндеу мәселесі
Қазір облыс бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы - 6 176 шақырым. Оның 4762 шақырымы жергілікті маңызы бар жолдар болса, 1414 шақырым жол республикалық маңызға ие. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев хабарлады.
"Биыл Үкіметтің қолдауының арқасында 74 миллиард теңгеге 570 шақырым жолды жөндеу көзделіп отыр. Әсіресе республикалық маңызы бар автомобиль жолдары басты назарда. Атап айтар болсақ, ұзындығы 245 шақырымды "Казталов - Жәнібек - РФ шекарасы" және "Өнеге - Бисен - Сайқын" автожолдарының күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазір 245 шақырым жолдың 125 шақырымы күрделі жөндеуден өтті", - деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, 144 шақырымды "Подстепное-Федоровка-РФ шекарасы" автожолының 2 учаскесінде жұмыстар жүргізіліп жатырса, қалған 2 учаскеде жыл аяғына дейін мердігерлер анықталып, жұмыстар басталатын болады.
"Бұдан бөлек биыл 27 миллиард теңгеге 332 шақырым облыстық және аудандық жолдарды жөндеу жоспарланып отыр. Нәтижесінде жыл қорытындысы бойынша жергілікті автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 52 пайызға жеткізу мүмкіндігі бар", - деп атап өтті Нариман Төреғалиұлы.
Инженерлік желілерге күрделі жөндеу жұмыстары
Әкімнің айтуынша, 2023 жылы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына 11,7 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл қаражатқа 2 мың шақырымнан аса инженерлік желілерге күрделі және жөндеу жұмыстары қарастырылған.
"Биыл Оралдың жылу электр орталығын жаңғырту мақсатында турбоагрегат пен градирняны қайта құру бойынша 4,8 миллиард теңгеге екі жоба жүзеге асырылып жатыр. Турбоагрегатты іске қосу нәтижесінде өндірілетін электр энергиясы 46 МВт-тан 58 МВт-қа ұлғаятын болады. Ал градирняны іске қосқан жағдайда, Жайық өзенінен алынатын техникалық судың көлемі 10 миллионнан 6 миллионға азайтылып, жылу-алмасу суларын Жайық өзеніне кері жіберуді тоқтатамыз", - деді Нариман Төреғалиев.
Сонымен қатар, өңір басшысы облыстағы күрделі мәселе - электр желілерінің тозуы туралы да айтып өтті.
"Өзіңізге мәлім, облысымыздың электр желілерінің тозуы 82 пайыздан асады. Тозуды 82 пайыздан 62 пайызға дейін төмендету үшін облыстың 2025 жылға дейінгі кешенді даму жоспары аясында 2 мың шақырымнан аса желіні қайта құру жұмыстар жоспарланған", - дейді облыс әкімі.
Медициналық-санитарлық көмек нысандарын салу
Оның айтуынша, биыл жоспарланған 24 медициналық нысанның 12-не құрылыс-монтаждау жұмыстары мен материалдық-техникалық жарақтандыруға республикалық бюджеттен 8,4 миллиард теңге қаражат бөлінді. Одан бөлек КПО б.в. компаниясының әлеуметтік міндеттемелер шеңберінде 25 миллиард теңгеге 1000-нан аса қажетті медициналық құрал-жабдықтар алынатын болады.
Облыс бойынша 247 дәрігер тапшылығының мәселесін шешу үшін былтыр жергілікті бюджеттен 55 грант талапкерлерге және республикалық бюджет арқылы - 88 грант резидентураға бөлінген.
"Жалпы кадр мәселесін шешу бағытында жұмыстанып, шақырту нәтижесінде өңірімізге 13 дәрігер маман кадр келді", - деді облыс әкімі өз сөзінде.
4 сүт-тауарлы фермасын салу
Өңір басшысының айтуынша, импортқа тәуелділікті төмендету, тамақ өнімдері өндірісін дамыту және облыс халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында облыста бірқатар жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп отыр. Соның ішінде, өңір халқын сүт өнімдерімен қамту бағытында сүт-тауарлы фермасын салу жоспарланып отыр.
"Өңірде "Агроөнеркәсіп кешендегі инвестициялық жобаларды қаржыландыру" бағдарламасымен 2,5 пайыздық несие беру аясында бірқатар жұмыстар жоспарға алынды. Соның ішінде, 6,0 миллиард теңгеге 4 сүт-тауарлы фермасын салуды жоспарлап отырмыз. Жаңа сүт-тауарлы фермасын ашқан жағдайда облыс халқын сүт өнімдерімен қамту 22 пайыздан 32 пайызға артатын болады", - деді өңір басшысы.
"Жасыл белдеу" бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін суармалы жерлерді 9,6 мың гектардан 15 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Айта кетейік, бұл өнімдермен қамтамасыз ету үшін жыл ағына дейін жалпы соммасы 3 миллиард теңге болатын сыйымдылығы 12 мың тонна болатын екі ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болады.
"Қарашығанақ кен орнындағы ластаушы заттардың ең ірі 16 көзі автоматты мониторинг жүйелерімен жабдықталды"
Батыс Қазақстан облысы - еліміздің экологиялық қолайлы өңірлердің бірі. Былтырдың қорытындысы нәтижесінде өңір аумағында ластаушы заттар көлемі небары 1,5 пайыз, республика бойынша ең жақсы көрсеткіштердің бірі ретінде танылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында БҚО әкімі Нариман Төреғалиев баяндады.
Оның айтуынша, облыстың экологиялық проблемаларын кешенді шешу мақсатында 2020 жылы Қазақстан Республикасы Экология министрлігімен бірлесіп Жол картасы бекітіліп, нәтижесінде бірқатар жұмыстар жүзеге асырылған. Атап айтқанда, Қарашығанақ кен орнындағы ластаушы заттардың ең ірі 16 көзі автоматты мониторинг жүйелерімен жабдықталды.
Сондай-ақ, биыл мемлекеттік орман қоры аумағында барлығы 3 миллионға жуық ағаш егілді. Бұл жұмыстар күзде жалғасатын болады.
"Облыс бойынша былтыр жиналған 17,2 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтардың 15,1 пайыз өңделіп, кәдеге жаратылды. Бұл көрсеткішті ұлғайту үшін Орал және Ақсай қалаларында жаңадан қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының құрылысын салу мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр", - деді Нариман Төреғалиев.
Сонымен қатар, 2024-2028 жылдар аралығында Орал және Ақсай қалаларындағы кәріздік тазалау құрылғыларын қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Өңір басшысының айтуынша, бұл шаралар өңірімізде экологиялық ахуалды тұрақтандыруға оң септігін тигізетін болады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек