Бүгін, 26 қыркүйекте, Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан Батыс Қазақстан облысының әскери қызметшілерін жерлеу рәсімдері өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қаралы жиындарға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, ҚР Құрылтайының депутаттары Тұрарбек Тілемісов пен Мұратбек Мұхамедиев, БҚО прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы, Қарулы Күштердің өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері мен өңір тұрғындары қатысты.

Қатысушылар қаза тапқан жауынгерлердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты. Отан қорғаушылардың рухына Құран бағышталып, еске алу рәсімдері өткізілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына мемлекеттік әлеуметтік төлемдер, материалдық қолдау және жаназа мен жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға қажет жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр.
Қаржылай көмекті жинақтау үшін бұған дейін арнайы қор белгіленді. Жинақталған қаражаттың барлығы қаза тапқандардың отбасылары мен зардап шеккендерге атаулы әрі ашық түрде бағытталады. Бұл жұмыс мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қатаң бақылауында болады.
Батыс Қазақстан облысының әкімдігі қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына, ата-аналары мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz