БҚО-да жол жөндеуге бөлінген 50 млн теңгеден аса қаржы қолды болған

ҚМА Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті автомобиль жолдарын күрделі жөндеуге бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеуді аяқтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

2023 жылы наурызда мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша "Сырым аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" ММ мен "Сапак" өндірістік кооперативі арасында Жымпиты ауылындағы жолдарды жөндеуге 259 млн теңге сомасына шарт жасалған. Алайда "Сапак" ӨК директоры "Ак-Би" ЖШС-ның директорымен сөз байласып, сеніп тапсырылған қаражатты иемдену схемасын ұйымдастырған.

"Күдіктілер орындалған жұмыстар актілеріне жалған мәліметті жүйелі түрде енгізіп отырған. Құжаттарда асфальт төсеу, жер қазу, бетондау, су құбырларын жүргізу және басқа да жол жұмыстары толық көлемде көрсетілгенімен, іс жүзінде олар орындалмаған немесе әлдеқайда аз көлемде орындалған", - деп жазылған хабарламада.

Жалған актілер негізінде тапсырыс беруші бюджет қаражатын "Сапак" ӨК-нің есепшотына аударып отырған. Кейін қаражат схемаға қатысушылар арасында бөлінген.

Мемлекетке келтірілген залал

Мемлекетке келтірілген материалдық залал - 56,5 млн теңге.

Күдіктілер туралы

Сот санкциясымен күдіктілердің бірінің пәтеріне тыйым салынды. Оларға ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Бұған дейін сот үкімімен "Сырым аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" ММ басшысы лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылған. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!