БҚО-да табиғат қорғау прокуроры даулы видеодан кейін қызметінен кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі umarovnews.kz-ке сілтеме жасап.
Батыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары Азамат Сәтбаев басылымның ресми сауалына берген жауабында қызметтік тексеру нәтижелерін баяндады. Видео әлеуметтік желіде пайда болғаннан кейін бірден 12 тамызда Абылай Бисқалиев медициналық тексеруден өтіп, оның мас күйде болғаны анықталған.
"Фото және видео суреттердің нақты түсірілген күнін анықтау мүмкін болмады. Бұл ретте әлеуметтік желі қолданушылары мен интернет-ақпараттық ресурстарда оқырмандар арасында қоғамдық наразылық туып, көптеген талқылаулар болды", – деді Азамат Сәтбаев.
15 тамызда жүргізілген қызметтік тексеріс қорытындысы және облыстық прокуратураның тәртіптік комиссиясының ұсынымы негізінде Абылай Бисқалиев қызметтік талаптарды толық орындамағаны туралы ескерту түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
"Сонымен қатар Бисқалиев мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық келбетіне қойылатын жоғары талаптарды түсініп, басшылыққа атқарып отырған лауазымынан босату туралы өтінішпен жүгінді. 20 тамызда ол БҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры қызметінен босатылды", - делінген жауапта.
Еске салайық, тамызда Facebook әлеуметтік желісін Айболат Бөкенов атты желі қолданушысы облыстың мамандандырылған табиғатты қорғау прокуроры Абылай Бисқалиевтің күндіз мас күйде көшеде жүргені туралы видеоны жариялаған болатын.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!