Батыс Қазақстан облысында жалақыларын көтеруді талап еткен қызметкерлер әлі ереуілдеп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Мой ГОРОД" сайтына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, қызметкерлер егер олардың қойған талабы орындалмаса бейсенбіге дейін тұратынын айтып жатыр. Одан бөлек, компания қызметкерлері ККС-Sicim компаниясының директоры Италиядан келуін талап етіп отыр.
Айта кетейік, жалақыларын 50 пайызға көтеруді талап еткен компания қызметкерлері 16 қаңтарда таңертеңгі уақытта ереуілге шыққан болатын. "Мой ГОРОД" мәліметінше, олар жолды жауып тастаған, база аймағына автокөліктерді кіргізбей жатыр.
"Біз сағаттық мөлшерлемемен жұмыс істейміз. Ол мың теңгеден аспайды. Сағатына 850 теңгеден жұмыс істейтіндер де бар. Ол аз. Он екі сағат жұмыс істеп, 220-250 мың аламыз. Ол ақшаға отбасымызды қалай асыраймыз?" - дейді ереуілге шыққан қызметкерлер.
Бірақ компания өкілдері қызметкерлердің жалақысын 50 пайызға көтеру мүмкін емес екенін айтқан.
"Негізгі талап - жалақыны 50 пайызға көтеру. Алдын ала бізде Бөрлі ауданы әкімдігі, еңбек инспекциясы департаменті және KKC-Sicim компаниялары басшылығымен үшжақты комиссия болды. Сол кезде ақпанда жалақыны индексацияға сәйкес 20 пайызға көтеретінімізді айтқан болатынбыз. Оны қызметкерлерге де хабарлаған едік", - дейді жоба менеджері Роза Кагирова.
Еске салайық, кеше 16 қаңтарда БҚО-да қызметкерлер жалақысын көтеруді талап етіп ереуілге шыққаны хабарланған болатын. Қызметкерлер вахта режимі бойынша жұмыс істейтінін атап өткен: 28 күн жұмыс істеп, 14 күн демалады. Артынша компания басшылығы қызметкерлердің талабын жартылай орындауға дайын екені хабарланды. Яғни компания қызметкерлерінің жалақысын 20 пайызға көтеруі мүмкін. Алайда қызметкерлер олардың талабы толық орындалмай тарқамайтынын жеткізген.
"KKC-Sicim" ЖШС Бөрлі ауданы Пугачево ауылында орналасқан, онда 3000-ға жуық адам жұмыс істейді. "Мой ГОРОД" мәліметінше, соңғы рет компанияда жалақы 2022 жылдың ақпан айында 8,5 пайызға көтерілген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!