БҚО-да есірткі таратқаны үшін жазаланған әйел екінші рет ұсталды

Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы жедел-іздестіру шаралары барысында есірткі тасымалдауға қатысы бар ер мен әйелді қолға түсірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тәртіп сақшылары оларды есірткіні жасырып жатқан кезде ұстады. Әйелді жеке тексеру барысында оның күртешесінің қалтасынан ерекше иісі бар ақ түсті ұнтақ салынған 14 полиэтилен орамы табылып, тәркіленді. Ер адамның да шалбарының қалтасынан дәл сондай бір орам есірткі анықталды.

Күдіктілер полицияға есірткі жасырылған орындарды көрсетті. Сол жерлерден құқық қорғау қызметкерлері өзіне тән иісі бар ұнтақ салынған 10 полиэтилен орамын тауып, тәркіледі.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Әйел уақытша ұстау изоляторына қамалды, ал ер адамға қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылды.

Айта кетейік, ұсталған әйел бұған дейін қыркүйек айында, есірткі сатқаны үшін жауапқа тартылған. Алайда ол қылмыстық әрекетін тоқтатпай, жалғастырған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!