- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- БҚО-да ескі тоңазытқыштың...
БҚО-да ескі тоңазытқыштың ішінен 5 жасар баланың денесі табылды
БҚО-да ескі тоңазытқыштың ішінен 5 жасар баланың денесі табылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
2022 жылғы 8 тамызда сағат 22:00 шамасында Бәйтерек ауданында жеке үйдің ауласындағы Мир маркалы тоңазытқыштан 5 жасар баланың мәйіті табылған. Ведомство мәліметінше, баланың денесінен зорлық белгілері байқалмаған. Баланың денесін анасы тапқан.
Әйелдің айтуынша, оның үш баласы көшеде ойнап жүрген. Бірақ кешке қарай үйге екеуі ғана оралған. Мұны білген әйел бір сағат бойы аудан бойынша кіші ұлын іздеген. Кейін үйінің ауласына кіріп, ескі, жұмыс істемейтін тоңазытқыш ішінен бүлдіршіннің денесін тапқан.
Анасы жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер оқиға орнына жеткенде, бала өлімін тіркеген.
"Бұл кеңестік тоңазытқышта есіктің металл тұтқасында орналасқан автомат құлыптау жүйесі бар. Есікті итерсеңіз, құлып жабылып қалады. Тоңазытқыштың сыртындағы тұтқаны тартып алғанша, тоңазытқышты ішінен аша алмайды", - деді Полиция департаментінің өкілі Дариға Мәжитова.
Соталды тергеу аясында баланың мәйітіне медициналық зерттеу тағайындалған. Бұл дерек жазатайым оқиға ретінде тіркелген. Жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін Полиция департаменті барлық ата-анаға кішкентай балаларына қауіпті болуы мүмкін, саяжайлар мен жеке аулаларда тұрған ескі тоңазытқыштарға ерекше назар аударуды сұрайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова