БҚО-да денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінен кетті

Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасын басқарған Мадияр Өтешев өз еркімен қызметінен кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі

"Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің 2026 жылғы 3 маусымдағы өкімімен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Өтешев ведомствоға қарасты мекемелердің қызметіне тиісті бақылау жасамағаны үшін бір ай мерзімге лауазымдық міндетін атқарудан уақытша шеттетілген болатын. Кейін ол өз еркімен жұмыстан босатылды", - деп жауап берді БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі өкілі Tengrinews.kz сауалына.

Ведомство өкілдері қазір Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысы міндетін уақытша Айнаш Ғұбайдуллина атқаратынын хабарлады.

Айнаш Ғұбайдуллина Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын "педиатрия" мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын дәрігер-педиатр болып бастап, кейін Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің бас маманы және басшысы қызметін атқарған.

Басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалғанға дейін ол ведомство басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі орынбасары болды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз