- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- БҚО-да Дағдарыс орталығын...
БҚО-да Дағдарыс орталығын 80 әйел паналаған
Жыл басталғалы Орал қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 9 қылмыс тіркелген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Бізге әйелдерден жолдасына қатысты денсаулығына зиян келтіру, айқай-шу шығару, боқтау-балағаттау, тыныштығын бұзу секілді шағымдар айтылған қоңырау жиі түседі. Бұл жағдайда учаскелік полиция инспекторлары шалынған қоңырау бойынша барып қызмет көрсетеді", – қалалық полиция басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторы Гүлназ Ибрагим.
Биыл Дағдарыс орталығын отағасынан қысым көрген 80 әйел паналаған. Олармен психолог, әлеуметтік маман, медициналық қызметкер жұмыс жасайды. Қыз-келіншектердің шарасыз жағдайға тап болуының да себебі көп. Бұрын ішімдік ішетін, жағдайы төмен әйелдер Дағдарыс орталығынан пана сұраса, соңғы жылдары тұрмыстық жағдайы жақсы, күйеуі қоғамға белгілі қызмет атқаратын, кейбір лауазымды тұлғалардың жұбайлары да орталыққа көмек сұрап, жүгінетін болған.
Мамандардың айтуынша, көп жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелге барлық жағынан көмек көрсетіледі. Ал агрессор сол күйі қалып қояды. Құрбан болған әйел ажырасып өзімен-өзі кетеді. Екі-үш жылдан кейін ол агрессор басқа әйелге үйленеді. Сөйтіп қоғамда зорлық-зомбылыққа тап болған тағы бір әйел пайда болады. Сондықтан агрессорға да психологиялық тұрғыда көмек көрсетілуі тиіс.
"Бірнеше жылдан бері Дағдарыс орталығында жұмыс жасаймын. Осы уақыт аралығында әйелдердің көбінің құқықтық сауатсыздығына куә болдым. Орталыққа көпшілігі құжатсыз келеді. Біразының балаларының туу туралы куәлігі, өзінің жеке төл құжаты болмай жатады. Біз олармен бірге жүріп, халыққа қызмет көрсету орталығына барып, құжатын тіркейміз, бүлдіршіндерін балабақшаға кезекке қоямыз. Тұрмыстық зорлық-зомбылық кезінде анасымен бірге балалары да азап шегеді. Кішкентай кезінен әкесінің анасын ұрып-соққанын көріп өскен ұл бала оны қалыпты жағдай ретінде қабылдап, әйеліне де соны қайталайтын болады. Ал кішкентайынан анасына әлімжеттікті көрген қыз бала да күйеуге шыққан соң, оны заңдылық деп қабылдап, көніп жүре беретін болады. Соңғы кездері куйеуінің қолынан қайтыс болып жатқан әйелдердің қатары көбейді. Зерттеуде белгілі болғанындай ол әйелдер өздері сүйіп қосылған жұбайларынан тек сол күні таяқ жемеген. Олар бұл қорлыққа бес жыл, он жыл шыдаған. Олар көбіне бала үшін шыдадым дейді де, соңында мүгедек болып немесе өмірмен қоштасып жатады. Осындай тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін жас жұбайларға үйленер алдында отбасылық өмір туралы кеңес берілуі керек", – дейді Орал қаласындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы директорының міндетін атқарушы Мариэтта Даулетиярова.
Тағы бір айта кетерлігі, соңғы кездері ер адам құрбан, әйел агрессор болатын жағдайлар да кездескен.
"Отбасылық жанжалдарды зерттеген кезде кей жағдайда әйелдің провакацияға бой алдырып, дауды өршіктіріп, мәселені қиындата түскені анықталған. Сондықтан бұл мәселеге біржақты қарауға болмайды, – дейді мамандар.
Отбасылық өмірде қиындыққа тап болған әйелдерге қызмет көрсететін Дағдарыс орталығы тәулік бойы жұмыс жасайды. Орталыққа қажет жағдайда тегін қоңырау шалып психологиялық, заңгерлік бағытта кеңес алуға болады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы