9 маусымда кешке Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылы маңындағы Кіші өзен өзенінде қайғылы оқиға болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өңірдің Төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, аудандық полиция бөлімінен 2008 және 2009 жылы туған үш жасөспірім арнайы жабдықталмаған әрі шомылуға арналмаған жерде суға батып кеткені туралы хабарлама түскен.
"Бұл аумақта суға түсуге тыйым салынғаны туралы ескерту белгісі орнатылған. Оқиға орнына Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жедел түрде жіберілді. Алайда ТЖМ бөлімшелері жеткенге дейін қаза тапқандардың cүйегі жергілікті тұрғындардың күшімен судан шығарылды", - деп жазылған хабарламада.
Қазір оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз