БҚО-да апатты жағдайдағы 16 мектеп пен үш ауысымдағы 10 мектептің құрылысы қаралуда

БҚО-да апатты жағдайдағы 16 мектеп пен үш ауысымдағы 10 мектептің құрылысы қаралуда
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Биыл Батыс Қазақстан облысының білім беру саласында ауқымды жұмыстар атқарылған. Мәселен, білім беру нысандарының инфрақұрылымын жақсарту, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инклюзивті білім беру сапасын арттыру бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда.

Облыстық білім басқармасы мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, өңірдегі 10 үш ауысымды және 16 апатты жағдайдағы мектептерді жаңғырту үшін маңызды қадамдар жасалуда. Биыл Казталов ауданының Саралжын ауылында 60 орындық және Бөрлі ауданының Жарсуат ауылында 108 орындық мектептер салынды. Жыл соңына дейін тағы 4 жаңа мектеп ашылады деп жоспарлануда.

Облыстағы 237 білім беру мекемесінің қауіпсіздігін арттыру мақсатында бейнебақылау, турникеттер орнату және лицензияланған күзет қызметтерін енгізуге 404,25 млн теңге бөлінген. Қазіргі уақытта 206 мектеп, 17 колледж және 76 мектепке дейінгі мекеме полицияның жедел басқару орталығына қосылды. Сондай-ақ облыста 4883 бала инклюзивті біліммен қамтылған, бұл барлық ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалардың 69,8%-ын құрайды. Облыс бойынша жалпы білім беретін мектептерде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған 263 дефектолог пен 261 логопед қызмет атқарады.

Жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау бойынша 691 бала түрлі отбасылық тәрбиелеу формаларымен қамтылған. Биыл Арнаулы әлеуметтік қызметке мұқтаж балаларды қолдау орталығы құрылып, жұмысын бастады. 

2024 жылы жазғы каникул кезінде 111 000 оқушы (жалпы оқушылардың 98%-ы) демалыс және сауықтыру шараларымен қамтылған. Облыста 18 қала сыртындағы лагерь және 113 этно-бағыттағы лагерь жұмыс істеді.

Өңірдегі 35 колледжде техникалық және кәсіптік мамандарды даярлау жүзеге асырылуда. Биылғы жылы 25 колледжде дуалды оқыту енгізіліп, 2547 студент оқу барысында өндірістік тәжірибеден өтуде.

БҚО әкімдігі ұсынған материал

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина