Қазақстанның Авиация әкімшілігінің бас директоры Каталин Раду Батыс Қазақстанда болған ұшақ апатына байланысты операциялық орталықтың шұғыл кеңесін өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кеңеске ұшуға жарамдылық, ұшу, аэронавигация, лицензиялау, авиация медицинасы, іздеу және құтқару департаменттерінің және ұшу қауіпсіздігі басқармасының өкілдері қатысқан. Операциялық орталық Авиациялық әкімшіліктің апат жоспарын іске қосып, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады және тексеріс жүргізу үшін құжаттар дайындаған.
"Әуе оқиғасы болған Ми-8 әуекемесінің ұшуға жарамдылық сертификаты 2022 жылғы 3 мамырда берілді. Тікұшақ 2021 жылғы 27 қаңтарда шығарылған. Қазақстан Республикасының Азаматтық әуекемелерінің мемлекеттік тізілімінде 2022 жылғы 14 сәуірде тіркелген (куәлік нөмірі - 1273, әуекемесінің мемлекеттік және тіркеу тану белгісі - UP-MI874)", - делінген ведомство хабарламасында.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Ми-8 типті әуекемесін пайдаланатын әуе компаниялардың қызметіне жоспардан тыс инспекциялық тексеріс жүргізеді. Тексеріс нәтижелері бойынша құқықбұзушылықтар анықталған жағдайда ұшу қауіпсіздігінің барлық мәселесі шешілгенге дейін тиісті сертификаттар мен куәліктер тоқтатылады.
Ведомство мәліметінше, "Қазавиақұтқару" АҚ-ның 2021 жылғы 1 қазанда Қазақстанның авиациялық әкімшілігі берген 2024 жылғы 1 қазанға дейінгі № KAZ-02/027 Авиациялық жұмыстарды орындау құқығына арналған куәлігі бар. Әуе компания 33 тікұшақ пайдаланады (Ми-8 - 9 бірлік; Ми-171 - 2 бірлік; Ка-32 - 2 бірлік; ЕО-145 - 16 бірлік; Н-145 - 2 бірлік; Н-130 - 2 бірлік).
Еске салайық, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында қатты екпінмен қонған "Қазавиақұтқару" тікұшағында 4 адам қаза тапқаны хабарланған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!