БҚО-да ағайындының былығы ашылды: олар 13 млн теңгенің есірткісін ата-анасының пәтеріне сақтаған

Батыс Қазақстан облысында құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіруге арналған жасырын фитозертхана әшкереленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Орал қаласында қарасора тұқымдас өсімдіктерді заңсыз өсірді деген күдікпен екі ағайынды ұсталды. Олардың бірінің үйінен қарасора өсіруге арналған жасырын жертөле анықталды. Оқиға орнынан 7 түп өсімдік, буып-түйілген өсімдік тектес зат, өсіруге арналған құрал-жабдықтар және 14 миллион теңгеден аса ақша тәркіленді.

Екінші күдіктінің пәтерінен арнайы жабдықталған екі жылыжай табылды. Онда 22 түп қарасора, пакеттер мен ыдыстарға салынған өсімдік тектес заттар, сондай-ақ, арнайы құрал-жабдықтар тәркіленді.

Сонымен қатар, ата-анасының пәтерінің балконының астынан өсімдік тектес зат салынған 560 сіріңке қорабы бар қап табылған.

"Алдын ала бағалау бойынша олардың құны - шамамен 13 миллион теңге. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы - шамамен 18-20 келі. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің бірі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүргізіліп жатыр", - деп жазылған хабарламада.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!