- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- БҚО-да 7,4 мың...
БҚО-да 7,4 мың адам туыстарының үйін паналап жүр
Батыс Қазақстан облысында су тасқыны салдарынан 7,4 мың адам туыстарының үйін паналауға мәжбүр. Бұл туралы БҚО ТЖД ресми өкілі Нұржан Төлеуіш айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, облыста тасқын қаупі сейілген. Бірақ жағдай қатаң бақылауда.
"Жайық өзеніндегі су деңгейі күн сайын төмендеп келеді. Соңғы тәулікте су 7 см-ге дейін түсті. Қазір өзендегі судың деңгейі - 8 м 6 см. Жалпы облыста 11 жолды су шайып кету қаупі бар. Жағдай бақылауда", - деді Нұржан Төлеуіш ОКҚ-де өткен брифингте.
Сондай-ақ, 2 елді мекенмен көлік байланысы үзілген. Олар Ақжайық және Теректі аудандарында орналасқан.
Қазір 7,4 мың қазақстандық тусының үйінде тұруға мәжбүр.
"Жалпы тәулік бойынша эвакуацияланған адамдар жоқ. Жалпы табиғи апат басталғалы бері 14 мың 78 адам эвакуацияланды. Оның 5 813-і бала. Қазіргі таңда өңірдегі 12 эвакуациялық пункте 2 324 адам бар. Оның – 1014-і бала. Туған-туысқандарының үйлерінде 7 409 адам орналасқан. 4 345 адам үйіне оралды", - деді облыстық ТЖД ресми өкілі.
Тасқын басталғалы бері 1 млн 209 мыңнан аса текше метр еріген қар суы сорылып, 1 млн 301 мыңнан аса қап, 26 мың 45 тонна инертті материал төселген.
"Авариялық құтқару жұмысына 8 899 адам, 177 техника, 24 су сору құралы, 19 жүзу құралы, 1 әуе кемесі жұмылдырылған. Облыста жергілікті ауқымдағы 6 төтенше жағдай жарияланды. Ол әлі күшінде. Қазіргі таңда Тайпақ ауылында судың деңгейі көтерілгені байқалады. Соңғы тәулікте ондағы судың деңгейі 55 см-ке көтерілген, қазіргі деңгей – 8 м 5 см", - деп сөзін түйіндеді Нұржан Төлеуіш.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Есен