Батыс Қазақстан облысында 49 елді мекен "ауыл" мәртебесінен айырылуы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, кейінгі он жылда Батыс Қазақстан облысында 60 елді мекен "ауыл" мәртебесінен айырылған. Халқы үдере көшіп, үй саны күрт азайып кеткен. Ауылдық ағайынның қалаға ағылуына жұмыссыздық пен инфрақұрылымның нашарлығы себеп болған. Тағы 49 елді мекенге осындай қауіп төніп тұр.
Елді мекенде кейінірек құрылған қос агроқұрылымды қоспағанда, байырғы тұрғындардан жалғыз отбасы ғана қалған. Алпысты алқымдаған Виктор Агафонов бұл ауылдың халқын түгел таниды. Өзі осы ауылда туып-өскен. Жас кезінде кеңшарда тракторшы болып еңбек еткен. "Ол уақытта ауылдастардың барлығы тұрақты жұмыспен қамтылған еді" дейді қария.
"Кеңес үкіметі тараған соң ауылда жұмыссыздық белең алды. Көбі жақын маңдағы Жданов ауылына көшіп кетті. Енді бірі қалаға, басқасы өзге өңірге кетті. Ауылда біз ғана қалдық. Көшуге ақшам жоқ. Ал айдалада қалған мына үйді ешкім сатып ала қоймайды", - Кожевников ауылының тұрғыны Виктор Агафонов.
Елді мекен шаруашылыққа қолайлы жерде орналасқан. Тұрғындар мал бағудан бөлек, бау-бақшамен де айналысқаны байқалады.
Инфрақұрылымның жоғы мен жұмыссыздық ауылдың тоз-тозын шығарды. Облыста қазір 49 елді мекен осындай хәлде. Олар "ауыл" мәртебесінен айырылуы мүмкін.
"Заңнама бойынша "ауыл" статусы болу үшін ауылдағы тұрғындардың саны 50 адамнан кем болмауы тиіс. Жаңағы 49 ауылдық елді мекеніміз 3 жыл ішінде тұрғындарының саны 50-ден көбеюі керек немесе жергілікті билік олар бойынша шешім қабылдап, оларды дербес есептен шығаруы керек. Кейінгі он жыл ішінде біздің облысымыз бойынша 60 ауыл өзінің "ауыл" мәртебесінен айырылды", - Облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының бөлім басшысы Райса Еркеғалиева.
Бұған қоса, ауылдық округтер саны да қысқартылуы мүмкін. Өйткені бірқатар елді мекен "ауыл" мәртебесінен айырылған жағдайда құрамында әкімшілік орталығы ғана қалатын округтер бар. Ал заң бойынша ауылдық округте кемінде 2 ауыл және 500-ден аса тұрғын болуы шарт. Өңірде мұндай талапқа сәйкес келмейтін 26 әкімшілік аумақ тіркеліп отыр. Енді олар берілген мерзім ішінде қайта оңалмаса, мәртебесінен айырылады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!