Батыс Қазақстан облысында биылғы жылы өрт қауіпсіздігін болдырмау мақсатында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып, өңіраралық сипаттағы орман-дала өрттерін жою жоспарына түзетулер енгізілген. Бұл туралы БҚО ТЖД бастығының орынбасары Рашид Блялов айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Облыс аумағында ғарыштық мониторинг жүргізу, дала және орман аймақтарындағы жану нүктесін дереу анықтау мақсатында "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" акционерлік қоғамымен 4 млн. теңгеге шарт жасалды. Сондай-ақ облыс бойынша 160 елді мекенге қауіпті өрт маусымына дайын еместігі жөнінде ескертпе таратылды. Бүгінгі күні облыс бойынша ұзындығы 1746 км құрайтын ауылдық елді мекендердің айналасында минералдандырылған жолақтар салу жоспарлануда", - дейді Рашид Бекетұлы.
Қазіргі таңда облыста 147 өрт оқиғасы тіркелген. Өрт салдарынан 3 адам қаза тауып, 4 адам әртүрлі ауырлықтағы дене жарақатын алған. Келтірілген шығын көлемі 18 миллион теңгеден астам.
Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде облыс аумағында жалпы көлемі 77 га аумақта 19 табиғи өрт, 15 га аумақта 1 орман өрті орын алған. Табиғи өрттердің жалпы санының 2021 жылмен салыстырғанда азаюына қарамастан, дала өрттерінің 36%-ға артуы байқалады.
"Облыстағы өрт жағдайын тұрақтандыру мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті орман шаруашылығы мекемелерімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп уақтылы жедел шаралар қабылдауда", - деді Р.Блялов.
2022 жылдың өрт қаупі маусымында облыста 129 елді мекенді өрттен қорғауды қамтамасыз ететін 25 өрт сөндіру бекеті ашылды. Қазіргі таңда аталған өрт сөндіру бекеттерінің 14-і жұмысын жалғастыруда. 11 өрт сөндіру бекеті бойынша келісім-шарттарды жаңарту арқылы жергілікті атқарушы органдар арқылы өз қызметін ұйымдастырады. Сонымен қатар, мемлекеттік өртке қарсы қызметі жоқ елді мекендерде кезең-кезеңімен өрт сөндіру бекеттерін құру жоспарына сәйкес 2023 жылға 6 өрт сөндіру бекетін құру жоспарлануда.
Айта кету керек, табиғи өрттер мен жанудың алдын алу және сөндіру үшін бүгінгі күні елді мекендерде 2206 адамнан тұратын 152 ерікті өртке қарсы құрылым құрылған.
Айгерім ҒАЛЫМ
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!