БҚО әкімі Нариман Төреғалиев Мәслихаттар депутаттарының сайлауында дауыс берді

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орал қаласындағы ақпараттық технологиялар колледжінде орналасқан №521 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады.

Аймақ басшысы саяси науқанның ел өміріндегі маңызын атап өтті.

"Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өкілді органдарды күшейту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы екенін айтты. Елдегі саяси реформалар нәтижесінде мәслихаттардың да құзыреті кеңейді. Халық қалаулылары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысып, өзекті мәселелерді шешуге ықпал етеді. Мәслихат депутаттары – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Сондықтан, өңір тұрғындары дауыс беруге белсене қатысып, азаматтық ұстаным танытады деп сенемін", - деді Нариман Төреғалиев.

Батыс Қазақстан облысы бойынша 451 868 азамат дауыс беруге құқылы. Өңірде 673 сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Оның 14-і – аумақтық, 171-і – округтік және 488-і – учаскелік сайлау комиссиясы. 5 партиялық тізім және бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша 521 кандидат тіркеуден өткен.

Суреттер: БҚО әкімінің баспасөз қызметі

Барлық сайлау учаскесінде мүгедектігі бар адамдарға арналған бұрыштар жабдықталған. Бұл санаттағы сайлаушылар үшін аудиобюллетеньдер дайындалды.

Батыс Қазақстан облысы әкімдігі ұсынған материал