- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- БҚО әкімі Нариман...
БҚО әкімі Нариман Төреғалиев жұмыспен қамту мәселесін көтерді
Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өңірдегі жұмыспен қамту мәселесін көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жыл басынан бері облыс экономикасының негізгі салалары бойынша тұрақты өсімге қол жеткізілген. Өңдеу өнеркәсібі - 20,6 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі - 4,7пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі - 34 пайызға, тұрғын үйлерді іске қосу - 2,1 пайызға, негізгі капиталға инвестициялар - 34,6 пайызға өскен.
Нариман Төреғалиевтің айтуынша, өңір экономикасын әртараптандыру мақсатында жалпы құны 1,9 триллион теңгеге 5 мыңнан аса жұмыс орнын қамтитын 111 инвестициялық жоба пулы жасақталды. Оның ішінде 2023 жылы 46 миллиард теңгеге 1300 жұмыс орынды 54 жоба іске қосылуы жоспарланып отыр. Бүгінгі күні 14 миллиард теңгеге 500-ге жуық жұмыс орынды 12 жоба іске қосылды.
Сонымен қатар, шетелдік инвесторлардың қатысуымен өңірде бірқатар жобалар қолға алынып жатыр. Атап айтсақ, КПО б.в. компаниясымен Қарашығанақты кеңейту жобасының I кезені 5-компрессорды 970 миллион АҚШ долларға орнату бойынша жұмыстар және II кезеңі бойынша 735 миллион АҚШ долларға 6-компрессорды орнату бойынша жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"Релокация аясында шетел капиталының қатысуымен кабель өнімдер үшін фланецтар өндірісі, фанера, терезе жақтауы мен төсеніші мен есіктер өндірісі сияқты 152 жұмыс орынды 3,5 миллиард теңгеге 4 жоба іске қосылған. Сондай-ақ, биыл маусымда құны 1,4 миллиард теңгеге 100 жұмыс орнымен бигбэг өндірісі жобасы іске қосылатын болады. 2024-2026 жылдары 8 кәсіпорынмен 4,4 мың гектар алқапта суармалы жерлерді айналымға енгізу бойынша жобалық құны 6,5 миллиард теңге болатын инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр", - дейді БҚО әкімі Нариман Төреғалиев.
"Ауыл аманаты" бағдарламасы аясында 60 ауыл шаруашылығы кооперативі қосылады
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды дамыту, ауыл тұрғындарының табыстарын арттыру бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында өңірде "Ауыл аманаты" жобасын іске асыруды бастап кеттік", - деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Облыс әкімінің айтуынша, биыл бюджеттен 6,4 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржыға 742 микрокредит беріліп, 787 жұмыс орны құрылады.
"Облыс аумағында 235 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істеп тұр. Осыған қосымша "Ауыл аманаты" бағдарламасы аясында 60 ауыл шаруашылығы кооперативінің қосылады. Бүгінгі таңда Aqjaiyq әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы несие беру жұмыстарын бастады. Несие алуға ұсынылған 257 өтініштің жалпы сомасы 1 миллиард 572 миллион теңге, несие беру жұмыстары басталды", - деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Сонымен қатар, өңір басшысы жастарды да қолдау мақсатында 238 адамға 5 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде жалпы сомасы 1,2 миллиард теңгеге жеңілдетілген несие беріліп жатқанын айтып өтті. Сондай-ақ, "2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту" Ұлттық жобасы аясында биылғы жылы 405 адамға 1,4 миллион теңге мөлшерінде жалпы сомасы 570 миллион теңгеге жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант беріліп жатқанын жеткізді.
Өңірлік жұмыспен қамту картасы арқылы 28,2 мың жұмыс орындарын құру жоспарланып отыр
Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмалары негізінде өңірде бірқатар жұмыс жүйелі атқарылып келе жатқанын айтып берді. Соның ішінде мемлекттік бағдарламалар шеңберінде 10 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылғанын жеткізді.
"Қазір облыс деңгейінде жұмыспен қамту органдары арқылы 10 мыңнан аса тұрғын жұмысқа орналасты. Соның ішінде 4 мыңға жуығы жастар", - деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, әкім өңірде 28,2 мың жұмыс орнын құру жоспарланып жатқанын, мемлекеттік бағдарламалар мен Өңірлік жұмыспен қамту картасы арқылы қолға алынатынын жеткізді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек