- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- БҚО әкімі халықты...
БҚО әкімі халықты қытайлық инвесторлардан қорықпауға шақырды
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қазақстандықтандықтарды қытайлық инвесторлардан қорықпауға шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өңір басшысы облысқа ет өңдейтін комбинаттар салатын инвесторлар керегін жеткізді. Шетелдіктерге жер тек жалға, жұмыс істеуге беріледі.
"Жер мәселесі заң бойынша шешіледі. Біріншіден, бізге инвестор тарту керек. Екіншіден, бүгінде алдымызда Президент берген үлкен тапсырмалар тұр. Мысалы, шикізатқа тәуелді болмау, өнімді терең өңдеу. Осыған байланысты біз етті терең өңдеп, оны қымбатқа сатып, облысымыздың экономикасын көтеруіміз керек.
Облыс экономикасының көтерілуі өңірдегі барлық мәселені шешуге септігін тигізеді. Нәтижесінде ақша болады", - деді облыс әкімі ОҚК-де өткен баспасөз мәслихатында.
Нариман Төреғалиев шетелдік инвесторларға нақты қандай талап қойылатынын түсіндірді.
"Инвестордың ақшасы бар болса, өзіне алған міндеттерді жақсы орындайтын болса, онымен келісуге әзірміз. Бұл – облысымыздың мүддесі. Тағы қайталап айтамын, бізде салық базасын көбейту, адамдарды жұмысқа орналастыру ең бірінші кезекте тұрған мәселе. Қазір біз неге ауылдарды іздеп жүрміз? Осы ет комбинаттарын инвесторларға ауылдарда салыңдар деп отырмыз. Ауыл адамдарын жұмыспен қамтысақ, олардың материалдық жағдайы түзеледі. Сондықтан инвестордан қорқудың қажеті жоқ, ол тек елге пайдалы болады", - деді ол.
Облыс әкімі халық Қытайдан келген инвесторлардан қорықпауы керек деген пікірді ұстанады.
"Біріншіден, жер сатылмайды. Тағы қайталап айтамын, жер (шетелдік инвесторға) уақытша беріледі. Екіншіден, зауыт салынған жағдайда, ол (инвестор) зауытты арқалап алып кетпейді ғой. Бұл халыққа пайдалы. Біз осыны жақсылап түсінуіміз керек. Сондықтан Қытай келді екен деп одан қорқудың қажеті жоқ. Егер Қытайдан инвестор келіп, осындай шаруа істеймін деп жатса, біз оны қабылдаймыз", - деді Нариман Төреғалиев.
Өңір басшысы еліміздің малдың өнімдері өңделмей, ысырап болып жатқанын мысалға келтірді.
"Қазір біз малды сойып жатырмыз. Ірі қара және және басқа малдар болсын. Біз оның терісін қайда жіберіп жатырмыз? Өңдей алмаймыз. Сүйектері қайда жатыр? Оны да өңдей алмаймыз, пайдаға асыра алмай отырмыз. Кеше инвесторлармен сөйлестім. Оларға "Малдың қаны мен терісін, сирағынан бастап, мүйізіне дейін жалпы сүйектері қайта кетеді? Сіздер оларды өңдейсіздер ме?" деп сұрақ қойдым. Олар осыны өңдеуге дайын. Оларда технология бар. Бізде үлкен зауыттар салынса, өте пайдалы болады. Малдың қанына дейін өңдейміз. Қаннан малдың азығын дайындауға болады. Сүйекті өңдеп, "сүйіктің ұнын" аламыз. Ол да малдың азығына жарайды. Міне, осыларды неге пайдаланбасқа? Малдың терісін тағы пайдаланады.
Егер киік сойылса, оның мүйізінен дәрі жасауға болады. Осының бәрінің үлкен пайдасы бар. Қытайдың инвесторларымен біз әлі келісімге келген жоқпыз. Олар келіп кетті. Осындай болса, осындай шарттарымыз бар деп тек ойын айтты. Бірақ олардың нақты ұсынысы жоқ", - деді облыс әкімі.
Аяз Есен
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz