БҚО әкімі Бөкей орданы аралады

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев жұмыс сапарымен Бөкей орда ауданында болып, бірқатар әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық жобалардың қалай жүзеге асып жатқанын көзбен көрді. Сапар барысында аймақ басшысы бірнеше елді мекендерді аралап, өңірдің қазіргі жағдайы мен даму болашағына баға берді.

Шаруа қожалықтарының біріндегі 1000 басқа арналған бордақылау алаңының құрылыс барысын тексеру – сапардың негізгі мақсаттарының бірі болды. Нариман Төреғалиев Хан ордасы ауылындағы жол жөндеу жұмыстарын қарап, мердігерге жұмысты жеке бақылауға алып, сапалы жол жасап, оны мерзімінде аяқтауды тапсырды. 

Сондай-ақ аймақ басшысы "Ауыл Аманаты" жобасымен несие алған кәсіпкердің жылыжай кешенін де аралады. 2020 жылы кәсібін бастаған кәсіпкер Б.Таңатаров "Бизнестің жол картасы - 2025" бағдарламасы бойынша 2,8 млн теңге несие алған. 2024 жылы "Ауыл аманаты" бағдарламасының көмегімен қосымша 7,1 миллион теңге несие алып, жылыжайды кеңейткен. Жыл сайын жылыжайда 20 тоннаға дейін қияр өсіретін кәсіпкер өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға өз үлесін қосуда.

Сапар соңында тұрғындармен кездескен облыс әкімі атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жылдары Батыс Қазақстан облысын одан әрі дамыту жоспары туралы айтып берді.

"Мемлекет басшысының өңірді дамытуға қатысты барлық тапсырмалары үнемі ерекше бақылауда. Ауылдағы елді мекендерді дамыту, азаматтарымыздың өмір сүру жағдайын жақсарту - біздің алдымызда тұрған басты міндеттердің бірі. Жаңа жұмыс орындарын ашып, инфрақұрылымды жақсартып қоймай, облыстың барлық тұрғындарының сапалы қызметке қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды. Өңір тұрғындары жақсы жұмыс істеп жайлы өмір сүру үшін, бұл жұмыстар жалғаса береді", - деді облыс Нариман Төреғалиев.

БҚО әкімдігі ұсынған материал

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!