Премьер-министр Әлихан Смайылов Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ - еск.) 1,5 триллион теңге алынады деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның пікірінше, зейнетақы қорының басты міндеті - салымшылардың зейнетақы активтерінің сақталуын қамтамасыз ету және ұлғайту.
"Зейнетақы қоры тиісті инвестициялық стратегияны қабылдады. Салымшылардың активтерін тек осы қаражатты кез келген кіріс әкелетін бағыттарға салу арқылы көбейтуге болады. Осы инвестициялық стратегияға сәйкес зейнетақы қоры нарық қағидаты бойынша активтердің көлемін ұлғайтуға екпін қойып отыр", - деді Үкімет басшысы Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Әлихан Смайылов бүгінде Үкімет индустрияландыру, көлік, инфрақұрылым салаларында қаржыландыруды қажет ететін ірі жобаларды қарастырып жатқанын мәлімдеді. Осыған байланысты
әртүрлі қаржыландыру көзі қарастырылып жатыр екен. Оның ішінде зейнетақы қоры да бар.
"Қазір біз қаражатты тарту шарттарын Ұлттық банкпен бірге пысықтап жатырмыз. Үкімет қарыз алса, бұл қаражатты республикалық бюджет есебінен, квазимемлекеттік сектор есебінен өтейді. Сондықтан Үкімет қарыз алса, ол мемлекеттік қарызда көрсетіледі. Бұл қарызды өтеу бюджетте белгіленеді. Үкімет қарызға міндеттеме алса, онда бұл қарыздарды өтеу үшін қаражат қарастырылады. Қаражаттың қайтарылуы міндетті түрде қамтамасыз етіледі", - деді премьер-министр.
Еске салайық, бұған дейін 21 қарашада энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев зейнетақы қорынан 1,5 триллион теңге инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалуы мүмкін екенін айтқан еді.
"Энергетика саласына инвестиция ретінде қажет қаражат 5 триллион теңгеден асып түседі. Бүгін 1,5 триллион теңге бөлінуі ықтимал екені айтылып жатқанын ескерсек, бұл қаражат қандай да бір шұғыл тәртіпте жүзеге асырылатын жобаларға бағытталуы мүмкін деп ойлаймын. Мен 1,5 триллион теңге туралы ақпаратты бүгін ғана естідім", - деді ол Мәжілісте.
Аяз Есен
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!