БЖБ мен ТЖБ барлық сыныптан кезең-кезеңімен алып тасталады

Бастауыш сыныптардан кейін БЖБ мен ТЖБ-ны 5-9-сыныптардан, одан соң 10-11-сыныптардан кезең-кезеңімен алып тастау жоспарланып отыр. Оқу-ағарту министрлігі бұл өзгерістерді келесі оқу жылынан бастамақ. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте министр Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, бастауыш сыныпта оқу бағдарламаларына, үлгерім мен бағалау жүйесіне толық талдау жасалған. Енді дәл осындай жұмыс келесі сыныптарда жүргізілуге тиіс.

"5-9-сыныптарға келетін болсақ, бұл - келесі кезең. Оған келесі оқу жылынан бастап көшуді жоспарлап отырмыз. Содан кейін 10-11-сыныптардағы бағалау жүйесін қайта қараймыз", - деді министр.

Өзгерістерге дайындық мақсатында Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында бағалау бойынша жеке департамент құрылған. Ол мұғалімдерге бағалау критерийлерін және басқа да әдістемелік материалдар дайындауға тиіс.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!