Оқу-ағарту министрлігі мектептерде БЖБ мен ТЖБ-дан біртіндеп бас тарту мәселесін қарастырып жатыр. Олардың орнына бақылау жұмыстары енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Журналистер министрден қазір БЖБ мен ТЖБ жүйесін қайта қарау үшін қандай шаралар атқарылып жатқанын сұрады.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, қазір Оқу-ағарту министрлігі бұл мәселе бойынша ауқымды талдау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, министр мектептерде қазірдің өзінде бақылау жұмыстары, яғни диктант, шығарма, мазмұндама енгізіліп жатқанын жеткізді.
"Сондықтан біртіндеп БЖБ мен ТЖБ-дан бас тартуды ойластырып отырмыз, бірақ ол үшін негіздеме, соның ішінде талдау қажет", - деді ол.
Шенеунік биыл Оқу-ағарту министрлігі мен Орта білім беру комитеті 1-11-сыныптар бойынша БЖБ мен ТЖБ-ға талдау жүргізгенін мәлімдеді. Жұлдыз Сүлейменова министрлік тамыз конференциясына дейін қай сыныптарда БЖБ мен ТЖБ сақталатынын, ал қай сыныптарда олардың орнына бағалаудың басқа түрлері енгізілетінін анықтауды жоспарлап отырғанын айтты.
Айта кетейік, БЖБ - бөлім бойынша жиынтық бағалау, ТЖБ - тоқсан бойынша жиынтық бағалау.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!