Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Түркістан қаласында алкоголь өнімдерін сатуға және тұтынуға тыйым салу туралы ұсынысқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кулуарда журналистер "Бұл бастама бизнеске кедергі келтірмей ме?" деген сауалды қойды. Министр бұл идеяны ішінара қолдап, туристерге "өздеріне таныс демалыс мүмкіндігін беру керек" деген пікірді алға тартты.
"Меніңше, кез келген шектеуді мұқият таразылау қажет. Киелі орындар, мавзолейлер және басқа да нысандар орналасқан аймақтар бар. Алайда қала үлкен болғандықтан, аталған жағдайда бәріне толық тыйым салу мәселесі туындамайтын шығар. Шектеулер киелі орындарға ғана қатысты болады деп ойлаймын. Қаладағы басқа адамдардың да қалаулары ескерілуі тиіс. Егер қалаға шетелдік туристер келсе, олар да өздеріне таныс демалыс мүмкіндігін алу керек", - деді Байбазаров.
Айта кетейік, бүгін Мәжілісте Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң қаралды. Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров өңірде алкоголь өнімдеріне тыйым салу туралы ұсыныс білдірді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!