2022 жыл - ауыс-түйіске толы жыл болды. Арасында ел күтпеген тағайындаулар да болып жатты. Massaget.kz тілшісі биылғы ірі тағайындауларға шолу жасады.
Биыл 11 қаңтарда Әлихан Смайылов премьер-министр қызметіне тағайындалды. Оның алдында 5 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметті отставкаға жіберген болатын. Яғни экс-премьер Асқар Мамин бастаған үкімет отставкаға кеткен болатын. Ел тарихындағы үкімет осымен екінші рет отставкаға кетті. Оған дейін Бақытжан Сағынтаев бастаған үкімет 2019 жылдың 21 ақпанында отставкаға кеткен болатын.
Ал Әлихан Смайылов 2015 жылдан бері Мемлекет басшысының көмекшісі қызметін атқарған болатын. Оған дейін 2009-2014 жылдар аралығында Қазақстан Статистика агенттігінің төрағасы болды.
Екі рет қаржы министрінің орынбасары болды. Ал 2019 жылы Үкімет отставкаға кеткенге дейін қаржы министрі болды. 2019 жылы 25 ақпаннан бастап премьер-министрдің бірінші орынбасары - қаржы министрі қызметін атқарды.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жаңа басшы
6 қаңтарда Ақорда Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жаңа басшы тағайындалғанын хабарлаған болатын. Ол бұған дейін Мемлекеттік күзет қызметін басқарған Ермек Сағымбаев. Бұл ақпаратпен қатар Кәрім Мәсімов ҰҚК басшысы қызметінен босатылғаны хабарланған еді. Артынша 8 қаңтарда Мәсімов мемлекетке сатқындық жасау дерегі бойынша ұсталғаны жария болды.
Ермек Сағымбаев Президент сайлаудан кейін жеңіске жеткен соңң қызметінде қалған басшылардың бірі.
Алматы әкімі ауысты
Қаңтарда біраз тағайындау болды. Соның бірі - Алматы әкімінің ауысуы. 31 қаңтарда Бақытжан Сағынтаев Алматы әкімі қызметінен босатылып, орнына Ұлттық банк төрағасы болған Ерболат Досаев келді. Досаев та Президент сайлауда жеңіске жеткеннен кейін орнында қалған әкім.
Қошанов - Мәжіліс төрағасы
Биыл 1 ақпанда Ерлан Қошанов Парламент Мәжілісінің төрағасы болып тағайындалды. Қошанов 1962 жылы 14 тамызда Қарағанды облысы Ақсу-Аюлы ауылында дүниеге келген. Үйленген, екі қызы бар.
1984 жылы Қарағанды политехникалық институтының Жезқазған филиалында инженер-механик мамандығын алып, кейін КСРО Сыртқы сауда академиясы мен Қазақ мемлекеттік басқару академиясы жанындағы жоғары коммерциялық мектепте оқуын жалғастырды.
Қазақстанның бас санитария дәрігері тағайындалды
Бұл қызметке 14 ақпанда Айжан Есмағамбетова келді. Премьер-министрдің сайтындағы мәлімет бойынша, Есмағамбетова денсаулық сақтау вице-министрі - бас мемлекеттік санитария дәрігері лауазымына тағайындалды. Бұған дейін бұл қызметте Ерлан Қиясов болған.
Ал Қиясов денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ұлттық сараптама орталығының басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды.
Бас прокуратурада жаңа басшы
3 наурызда Ақорда Берік Асылов бас прокурор болып тағайындалғанын мәлімдеді. Бұған дейін Бас прокуратураны басқарған Ғизат Нұрдәулетов Президенттің көмекшісі - Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болып тағайындалды.
Берік Асылов бұған дейін прокуратура саласында қызмет еткен. Кейінгі қызметіне тағайындалғанға дейін ол Бас прокурордың бірінші орынбасары қызметін атқарған.
Барлық 20 өңірдің әкімдері тағайындалды
Биылғы кезектен тыс президент сайлауынан кейін бірнеше өңір әкімі қызметінде қалса, кейбір өңірлерде жаңа әкімдер тағайындалды.
Қызметінде қалғандар:
Бірінші болып 2022 жылдың маусымынан бері Жетісу облысының әкімі болған Бейбіт Исабаев;
Серік Шәпкенов Атырау облысының басшысы қызметін жалғастырады;
Мұрат Әйтенов Шымкент қаласының әкімі қызметіне қайта тағайындады;
2022 жылдың маусымынан бері Алматы облысының әкімі болып жұмыс істеп келе жатқан Марат Сұлтанғазиев те қызметінде қалды;
Ақтөбе облысының әкім болған Ералы Тоғжанов та орнында қалды;
Түркістан облысына Дархан Сатыбалды қайта әкім болып тағайындалды;
Қызылорда облысының әкімі болып келген Нұрлыбек Нәлібаев та тағайындалды.
Нұрлан Ұранхаев Абай облысының әкімі болып қайта тағайындалды;
Ұлытау облысының қазіргі әкімі Берік Әбдіғалиұлы облыс әкімі қызметін сақтап қалды;
2 желтоқсанда Нұрлан Ноғаев та Маңғыстау облысының әкімі болып қайта тағайындалды;
Нұржан Нұржігітов Жамбыл облысының әкімі болып қайта тағайындалды;
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өз орнын сақтап қалды;
Ерболат Досаев Алматы қаласының әкімі қызметін сақтап қалды;
Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметін сақтап қалды;
Енді кезекте облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың жаңа басшылары:
Солтүстік Қазақстан облысының жаңа әкімі болып Айдарбек Сапаров тағайындалды.
Енді Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Құмар Ақсақалов туған жері Қостанай облысының әкімі болды.
Батыс Қазақстан облысының әкімі бұрынғы сенатор Нариман Төреғалиев болды.
Павлодар облысының жаңа әкімі болып Асайн Байханов тағайындалды.
Қарағанды облысының жаңа әкімі болып Ермағанбет Бөлекпаев тағайындалды.
Алтай Көлгіновтің орнына Жеңіс Қасымбек Астананың жаңа әкімі болды.
Президенттің жаңа баспасөз хатшысы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы болып Руслан Желдібай тағайындалды. Ол Берік Уәлидің орнына келді. Халыққа ол "Хабар" агенттігіндегі "Азамат" телебағдарламасының жүргізушісі ретінде танылған. YouTube хостингінде Руслан Желдібай жүргізген бағдарламаның шығарылымдары бар.
Руслан Желдібайдың мемлекеттік қызметтегі еңбек жолы 2018 жылы басталған. 28 жасында ол ҚР Ақпарат және коммуникациялар комитетінің Интернет кеңістігіндегі және әлеуметтік желілердегі ақпараттық жұмыс жөніндегі басқарма басшысы атанған. Президенттің баспасөз хатшысы болып тағайындалғанға дейін ол премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары қызметін атқарған еді.
Ең жас шенеунік
Ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметіне 21 сәуірде тағайындалған Әбілхайыр Тамабек қызу талқыға түскен болатын. Ең жас шенеунік 1994 жылы туған, жасы 28-де. Халықаралық бизнес университетін, 2015 жылы Польшадағы Луис ұлттық университетін, 2019 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген.
Вице-министр еңбек жолын 2011 жылы жеке компанияда инспектор болып бастаған.
Үкімет құрамындағы тағайындаулар
Үкімет басшысы - Әлихан Смайылов. Премьер-министрдің бес орынбасары бар:
Роман Скляр, Мұхтар Тілеуберді (сондай-а СІМ), Ерұлан Жамаубаев (Қаржы министрі), Серік Жұманғарин (Сауда және интеграция министрі) және Алтай Көлгінов.
Министрлік басшылықтарында да биыл өзгерістер болды. Оның ішінде:
Қорғаныс министрі - Руслан Жақсылықов (биыл 19 қаңтарда тағайындалды);
Ішкі істер министрі - Марат Ахметжанов (биыл 25 ақпанда тағайындалды);
Ақпарат және қоғамдық даму министрі - Дархан Қыдырәлі (биыл 2 қыркүйекте тағайындалды);
Ауыл шаруашылығы министрі - Ербол Қарашөкеев (2021 жылдың 1 қыркүйегінен осы қызметте);
Әділет министрі - Қанат Мусин (биыл 11 қаңтарда тағайындалды);
Ғылым және жоғары білім министрі - Саясат Нұрбек (биыл 11 маусымда тағайындалды);
Денсаулық сақтау министрі - Ажар Ғиният (биыл 11 қаңтарда тағайындалды);
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі - Тамара Дүйсенова (биыл 11 сәуірде тағайындалды);
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі - Қайырбек Өскенбаев (биыл 11 қаңтарда тағайындалды);
Мәдениет және спорт министрі - Дәурен Абаев (биыл 11 қаңтарда тағайындалды);
Оқу-ағарту министрі - Асхат Аймағамбетов (биыл 11 маусымда тағайындалды);
Төтенше жағдайлар министрі - Юрий Ильин (2020 жылдың 11 қыркүйегінен осы қызметте);
Ұлттық экономика министрі - Әлібек Қуантыров (биыл 11 қаңтарда тағайындалды);
Цифрлық даму инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі - Бағдат Мусин (2020 жылдың 2 қыркүйегінен осы қызметте);
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі - Серікқали Брекешев (2021 жылдың 9 қыркүйегінен осы қызметте);
Энергетика министрі - Болат Ақшолақов (биыл 11 қаңтарда тағайындалды).
Иманғали Тасмағамбетов ҰҚШҰ бас хатшысы міндетін атқарады
Жұртты елең еткізген тағы бір тағайындау - Иманғали Тасмағамбетовтің Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бас хатшысы міндетін атқарушысы болып тағайындалуы.
Тасмағамбетов бұл қызметке 2023 жылдың басынан бастап кіріседі де алдағы үш жылда осы лауазымды атқарады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!