2025 жылы қаңтар-шілде аралығында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі былтырмен салыстырғанда 6,3%-ға өскен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тауар өндіру көлемі 8,3%-ға, қызметтер 5,2%-ға, өнеркәсіп 6,9%-ға артты. ЖІӨ-нің өсуіне ең көп үлес қосқан салалар:
Үкіметтің баспасөз қызметі мәліметінше, көлік және қойма саласындағы қызмет көлемі теміржол, құбыр желілері және автомобиль көлігімен жүк тасымалы көлемі жоғары болуына байланысты 22,5%-ға өскен.
Құрылыс саласында жұмыс көлемі 18,5%-ға артты. Түркістан облысында (+34,6%) мектептер, теміржол желілері және тасжолдар құрылысы, Ақтөбе облысында (+25,6%) жайлы мектептер құрылысы мен жолдарды реконструкциялау, Жамбыл облысында (+13,1%) және Шығыс Қазақстан облысында (+5,9%) тұрғын үйлер, медициналық нысандар және электр желілерін салу жобаларын жүзеге асыруға байланысты жоғары өсім тіркеліп отыр.
Сауда 8,6%-ға өсті. Көтерме сауда 9,5%-ға өсіп, жалпы өсімнің 66%-дан астамын қамтыды, бөлшек сауда 6,6%-ға артты. Айтарлықтай динамика Қостанай облысында (+17,6%), Солтүстік Қазақстан облысында (+12%) және Астанада (+9,2%) байқалды, мұнда астық, агрохимия, азық-түлік, отын, фармацевтика өнімдерін және техника сату көрсеткіштері қарқынды түрде өсіп келеді.
Өнеркәсіп өндірісіндегі өсім - 6,9%. Еліміздің барлық өңірінде өсім байқалған, бірақ динамика бойынша көшбасшылар - Жамбыл облысы (+18,2%), Солтүстік Қазақстан облысы (+14,9%), Шымкент (+15,8%) және Алматы (+13,5%), сондай-ақ, Түркістан облысы (+12,3%).
Өңдеу өнеркәсібіндегі өсімді (6,1%) машина жасау (+14%), азық-түлік (+9,2%), мұнай өнімдері (+8,6%), химия өнеркәсібі (+6%) және металлургия (+1,3%) көрсетіп отыр.
Ауыл, орман және балық шаруашылықтарындағы өндіріс көлемі 3,7% деңгейінде сақталды. Мал шаруашылығындағы өсім сүт (+6,1%), мал, құс бордақылау (+2,1%) және жұмыртқа (+0,9%) есебінен 3,4%-ға жетті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!