Биыл бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша, елімізде 24,5 мың неке тіркелді, бұл бір жыл бұрынғыдан 10,6 пайызға аз. Қалаларда некеге тұру саны бір жылда 28,1 пайыз, 15,6 мыңға дейін төмендесе, ауылдарда бірден 55,6 пайыз - 8,9 мыңға дейін өсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ranking.kz сайтына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, үш айда ажырасулар саны 3,9 мыңға жетіп, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 5,6 пайызға азайды. Қалаларда ажырасулар саны бір жылда 14,6 пайызға азайып, 2,9 мыңға дейін, ауылдарда 36,8 пайыз өсіп, 986-ға жетті.
Өңірлер бойынша некелердің көпшілігі Түркістан облысында тіркелді: 2,8 мың - бір жыл бұрынғыдан 13,3 пайыз аз. Үздік үштікке сондай-ақ Алматы (2,5 мың, бір жылда 29,9 пайыз азайды) және Алматы облысы (2,2 мың, 20,5 пайыз азайды) кірді. Ең аз неке Ұлытау облысында тіркелген - 264.
Ең көп ажырасулар Алматы (494), Астана (351) және Қарағанды облысында (341) тіркелген. Ең аз ажырасулар Ұлытау, Қызылорда және Атырау облыстарында тіркелген.
Қазақстандықтар арасында ажырасуға деген көзқарас бойынша ҚҚДИ әлеуметтік зерттеу мәліметінше, респонденттердің көпшілігі теріс көзқарас білдірген. Қазақстандықтардың 39,8 пайызы ажырасуға өте жағымсыз көзқараста, олар үшін ажырасуға жол берілмейді. 41,3 пайызы ажырасуды жағымсыз құбылыс деп санайды, бірақ кейде тұрақты жанжалдардан гөрі ажырасу жақсырақ. Респонденттердің 12,8 пайызы ажырасу өмірге оң әсер етеді, ажырасу кейде жаңа отбасын құруға мүмкіндік береді деп есептейді. Сауалнамаға қатысқандардың тек 1,3 пайызы ажырасуға толықтай оң көзқараспен қарайды, олар бұрынғы ерлі-зайыптылардың екеуіне де оң әсер етеді деп есептейді.
Ажырасу себептері ретінде респонденттер ерлі-зайыптылардың біреуінің алкоголизмін немесе нашақорлығын (61,7 пайыз), тұрмыстық зорлық-зомбылықты (зайыбына немесе балаларға қатысты) (51,1 пайыз), ерлі-зайыптылардың біреуінің құмар ойындарын (47 пайыз), көзге шөп салу (38,4 пайыз), ерлі-зайыптылардың біреуінің дәстүрлі емес жыныстық бағдары (22 пайыз) аталады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!