Биыл Түркістан облысында халықаралық талаптарға сай келетін заманауи зауыттар іске қосылып, өнеркәсіп көлемі 1,3 триллион теңге болды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конферецниясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров баяндады.

Облыста жыл басынан бергі 10 айда өнеркәсіп саласында 107 миллиард теңгеге 22 жоба іске асырылып, 2443 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде маңызды әрі ірі жобалар қатарында Созақ ауданындағы табиғи уран өңдеу кешені (құны – 35 миллиард теңге, 300 жұмыс орны); Отырар ауданындағы 2 мақта өңдеу зауыты (құны – 21 миллиард теңге, 960 жұмыс орны); Түлкібас ауданындағы түрлі түсті сусын шығаратын зауыт (құны – 9 миллиард теңге, 96 жұмыс орны) бар.
Сонымен қатар, Сайрам ауданында заманауи ет комбинаты (құны – 8,5 миллиард теңге, 150 жұмыс орны); Ордабасы ауданында алюминий бұйымдарын шығаратын зауыт (құны – 8 миллиард теңге, 150 жұмыс орны) жұмысын жүргізіп жатыр. Жыл соңында 103,5 миллиард теңгеге қосымша 8 өнеркәсіп жобасы іске қосылады.
"Президентіміз өз Жолдауында Орталық Азия елдерімен экономикалық байланысты күшейтуді тапсырған болатын. Көршілес Өзбекстанмен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 100 гектар аумақта "Орталық Азия халықаралық кооперация орталығы" құрылды. Нысан кеден бекетімен заманауи қоймалар және өндірістік нысандармен интеграцияланған логистикалық орталық қызметін атқарады", – деді Нұралхан Көшеров.
Суреттер: Түркістан облысы әкімдігі
Қазір 7 инвестор осы орталықта жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр. Нәтижесінде өңір экономикасына 185 миллиард теңге инвестиция тартылып, 1175 жұмыс орны ашылады. Бюджетке қосымша салық түседі (355 миллион теңге). Бүгінгі таңда 8 өндірістік ғимарат пен ішкі инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Келесі жылы іске қосу жоспарлануда.
Облыстағы индустриалды аймақтар, инвестиция тарту, шағын өндірістік парктер мен арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын жандандыру нәтижесінде 10 айда өнеркәсіп өнім көлемі 1,3 триллион теңгеге жетіп, өсім деңгейі 113,4 пайызды құрады.
Түркістан облысы инвестиция тарту көрсеткіші бойынша тұрақты өсімге қол жеткізіп келеді. Облыс басшылығы өндірісті әртараптандыру мен кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.
Түркістан облысы әкімдігі ұсынған материал
Massaget.kz