Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша 18 аудиторлық шара жүргізілді. Осылайша, 9 триллион теңгенің қайда жұмсалғанына тексеріс жүргізілген. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов Мәжіліс кулуарында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Соның ішінде 640 миллиард теңгеге әртүрлі бұзушылықтар жасалған. Оның жартысына жуығы, яғни 318 миллиард теңгесі активтерді тиімсіз пайдалануға қатысты болған.
"133 миллиард теңгеге қаржылық бұзушылықтар жасалса, 187 миллиард теңге тиімсіз жоспарланған. Осы жұмыстардың нәтижесінде 115 миллиард теңге республикалық бюджетке қайтқан. Былтыр тек 5 миллиард теңге қайтқан", - деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар 30 жеке тұлға, 16 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
"173 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 12 материал құқық қорғау органдарына жіберілген. Жыл соңына дейін бірқатар аудиторлық шаралар жүргізіледі. Соның ішінде ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидияның тиімділігі тексеріледі. Бұл мәселені желтоқсан айында Мәжілісте көтеретін боламыз", - дейді Смайылов.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!